Соңғы кездері ұлттық валютасы күрт арзандап кеткен ел Түркия болып отыр. Экономистер мұндай жағдайға ішкі және сыртқы бірнеше фактор әсер еткенін айтады. Олардың ішінде негізгісі - АҚШ пен Түркия арасындағы қатынастың нашарлап кетуі. Өткен аптада Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп Түркиядан жеткізілетін болат пен алюминийге баж салығын екі есе көтеретінін мәлімдеген еді. Түрік лирасының құлдырауы әлемдік қор биржаларына да ықпал етті. Мамандардың пікірінше, Қазақстан экономикасына бұл жағдайдың, яғни, түрік валютасының арзандауының тікелей әсері жоқ. Дегенмен, Түркия еліміздің ірі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін айту керек. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 1,9 млрд долларға жеткен. Енді, бұл көрсеткішті 10 млрд. долларға жеткізу жоспарда бар.
Түрік лирасы өткен аптаның жұмасынан бері 25 пайызға арзандады. Ал, жыл басынан бері елдің ұлттық валютасы өз құнының 45 пайызын жоғалтып отыр. Қор нарығы болса, 2009 жылғы дағдарыстан кейінгі ең төменгі деңгейіне түсті. Бағалардың жылдық өсу қарқыны 16 пайызға жеткен. Валюта тапшылығы да сезіліп отыр. Түріктің төл валютасының осыншама құлдырауына себеп көп. Дегенмен, жағдайды өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамптың түрік алюминийі мен болатына баж салығын 25-тен 50 пайызға өсіруі қиындатты. Нарықтағы жағдай Түркия тұрғындарын алаңдатып отыр. Халық қаржы дағдарысынан қауіптеніп, жаппай доллар сатып алуға көшті.
Мехмет Коч, зейнеткер:
-Менің ойымша, болып жатқан жағдайға Америкамен бірге біздің де кінәміз бар. Проблеманы шешуге қауқарлы саясатымыз жоқ. Мәселе туындай қалса, оны кейінге қалдыратын әдет бар ғой. Әрине, сыртқы күштердің де ықпалы зор.
Ерол Полат, дүкен иесі:
-Әрине, валютаның арзандауы біздің кәсіпке кері әсерін тигізді. Бағалар шарықтап, тауарымыз сатылмай жатыр. Біз бәрін сырттан әкелеміз. Не істеу керектігін білмеймін. Лира бағамы қас пен көздің арасында құбылып отырады.
Инфляция жоғарылап, валюта арзандағанда, әдетте орталық банктер пайыздық мөлшерлемені көтереді. Инвесторлар да осыны күткен. Алайда, Түркия орталық банкі саясатты қатаңдатпауды шешті. Басты реттеуші өз резерві есебінен банктердің өтімділігін қамтамасыз етуге уәде берді. Дегенмен, экономистер бұл шаралардың валюта дағдарысын реттеуге көмегі аз деп есептейді.
Майк Ингрэм, нарық сарапшысы:
-Түркия билігі қабылдаған жоспардың лираны тұрақтандыруға жеткілікті болатынына күмәнім көп. Халықаралық валюта қоры сияқты орган Түркия экономикасын қалпына келтіруге көмектесе алады. Алайда, Түркияның бұл көмекті сұрау-сұрамауы неғайбыл.
Бұдан өзге АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлеменің өсуі, осының әсерінен инвесторлардың дамушы нарықтардан шығуы, мұнайдың қымбаттауы сияқты факторлар Түркияда болып жатқан ахуалды күрделендіріп отыр. Президент Реджеп Тайып Ердоған АҚШ өзіне қарсы экономикалық соғыс жариялады деп мәлімдеп, оған қарсы тұру үшін долларды лираға айырбастауға үндеді. Сонымен бірге, Анкара ірі сауда серіктестерімен саудада доллардан бас тартпақ.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:
-Біз шетел валютасымен елге әкеліп жатқан тауарларды өзіміз шығаратын боламыз. Бұған қоса, оларды экспорттайтын күн туады. АҚШ-тың электронды өнімдеріне бойкот жариялаймыз. Оларда «Айфон» болса, екінші жақта «Самсунг» бар екені белгілі.
Түркиядағы қаржы дағдарысы Еуропа, Орталық Америка қор биржаларына кері ықпал етті. Одан әсіресе, Түркияда жұмыс істейтін банктер зардап шегіп отыр. «Би-Би-Ви-Эй», ЮниКредит банктері акцияларының құны 2,5-3 пайызға дейін арзандаған.
Карстен Брзецки, экономист:
-Түркия орталық банкі қабылдаған шаралар немесе Президент Реджеп Тайып Ердоғанның мәлімдемелеріне сенім аз. Проблема құрылымдық шешімді қажет етеді.
Сарапшылардың пікірінше, қазір болып жатқан жағдай Түркиядағы инфляция деңгейін өсіріп, бизнеске қиын соғуы ықтимал. 8 жыл қатарынан өсім көрсеткен ел экономикасының рецессияға ұшырауы мүмкін деген пікірлер де айтылып жатыр.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.