Мыңжылдық рухани жаңғыру немесе бауырлардың басқосуы. Мажарстанда түбі бір, тамыры ортақ түркі халықтарының кезекті құрылайы өтті. Екі жылда бір өтетін халықаралық шараға осыдан 1100 жыл бұрын ғұн империясының құрамында болған ұлттар мен ұлыстар жиналды. Құрылтайда бас қосқан бауырлас елдердің ішінде қазақстандықтар да болды.
Бір кездері тілі мен ділі, жері мен қаны ортақ болған халықтар Будапешттегі Аттила батыр алаңында бас қосты. Құрылтай ежелгі түркі халықтарының шеруімен басталды. Салтанатты шарада Қазақстан атынан сөз алған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев құрылтай қатысушыларына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанда ашылған ежелгі ғұндардың тарихы мен мәдениетін зерттейтін орталықтың жұмысы жайлы айтып берді. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының атынан мажар еліне ұлттық нақышта безендірілген киіз үй тарту етіп, барша бауырларды Түркістанға, қазақ жеріне тарихи туризм жасауға шақырды.
Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:
- Әрбір ұлт өзінің тарихын, дәстүрін, салтын ұмытпауы керек деп ойлаймын. Мен бүгін осындай құрылтайды Ақтөбе қаласында да өткізсек деген ұсыныс айттым. Мұндай құрылтайлар көп болса, еліміз ары қарай да абыройлы болады.
Биылғы құрылтайға жоғары деңгейдегі Мажар билігі бірінші рет қатысты. Осы ел Парламентінің спикері Ласло Кевер бастаған делегацияға қазақи салтпен құрмет көрсетіліп, Будапешттегі қазақ диаспорасы әзірлеген ұлттық тағам ұсынылды.
Ласло Кевер, Мажарстан Парламентінің спикері:
- Құрылтай қатысушыларының барлығы әйгілі гұн қағанатын билеген Аттила батырдың ұрпақтары. Мажарлар батысқа қоныстанған шығыс халқы. Біздің халқымыздың санасында шыққан жеріміз Орта Азия екені жатталып қалған. Түркі халықтарының құрылтайы тарихымызды бұрмалағысы келетіндерге арналған үндеу екенін айтқым келеді.
Ежак Шандо бұған дейін өткізілген барлық құрылтайларға қатысқан. Өзін қыпшақ-мажарлардың ұрпағымын деп есептейді. «Бүгінгі құрылтайда қазақ ғалымдарынан ежелгі Бозоқ қалашығы мен алғашқы түрік ғибадатханасы туралы көп мағлұмат алып, Астананың 25 жылдығына арналған көрмені тамашаладым», - дейді.
Ежак Шандо, Мажарстан азаматы:
- Құрылтай тек мәдени шаралармен емес, кәсіпкерлік пен шатыр астындағы туризм жағынан тартымды деп есептеймін. Дегенмен, өзіме этноконцерттер ұнайды. Мысалы, жыл сайын қазақстандық «Тұран» тобын тыңдаймын. Маған аспаптары мен музыкасы өте ұнайды.
Құрылтайды өткізу он жыл бұрын «Мадияр Тұран» қоры мен оның жетекшісі Андраш Бироның тікелей бастамасымен қолға алынған. Осы еңбегі үшін Андрашқа биыл Халықаралық түрік академиясының алтын медалі де берілді. Андраш жақын арада Қазақстанға ғылыми экспедиция ұйымдастырмақ.
Андраш Биро, «Мадияр Тұран» қорының жетекшісі:
- Біз Еуропада 1100 жыл бұрын қоныстанған жалғыз шығыс халқымыз. Сондықтан болар, салтымыз бен дәстүріміз жақсы сақталған. Бауырлас елдердің әлі талай тойы болады. Қазақтар біздің құрметті қонағамыз болып қала береді. Болашақта Сіздердің елге барып антропология саласында әріптестікті дамтытсақ деген жоспар бар.
Биылғы құрылтай ұлы Абайдың туған күнімен қатар келді. Сондықтан да, құрылтай делегаттары мен осы елдегі қазақ диаспорасы және елшілік қызметкерлері Будапешттегі Астана көшесіне арнайы барып, Абай мүсініне гүл шоқтарын қойды.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.