Индонезияда зілзала құрбандары 100-ге жуықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Индонезияда зілзала құрбандары 100-ге жуықтады

06.08.2018

Индонезияның Ломбок аралында жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 100-ге жуықтады. Қуаты 7 балдық зілзаладан ондаған адам жараланған. «Рейтердің» дерегінше, марқұмдардың арасында шетел азаматтары жоқ. Аралда ғимараттар құлап, электр жарығы өшті. Біріншісінен кейін көп кешікпей 130-дан астам кішігірім дүмпу болған. Ладинг-Ладинг ауылында құлаған мешіт астында қалған адамдар шығарылып жатыр. Дегенмен, техника жетіспей, құтқарушылар үйіндіні қолмен тазартуға мәжбүр. Ал, Гили аралдарында жүздеген турист қауіпсіз жерге көшуге кезек күтіп тұр. Оларды шығаруға да кеме жетіспей жатыр. Жер сілкінісі көршілес Бали аралында да сезілген. Айта кетсек, дәл осы Ломбок аралында бір апта бұрын болған зілзала кезінде 17 адам қаза тапқан еді.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу