АҚШ-тың Нью-Мексико штатында полиция қызметкерлері заңсыз лагерьден тамақсыз, сусыз жүдеп, ашыққан 11 бала мен екі әйелді құтқарды. Оларды кепілде ұстаған қарулы екі ер адам қолға түскен. Олар 1 жастан бастап 15 жасқа дейінгі балаларды айдаладағы лас лагерьге қамап тастап, ешқайда шығармаған. «Бізге су мен тамақ керек» деген хабарлама алғаннан кейін, полиция рейд жүргізіп, тұтқындағы балаларды тапты. Әзірге бұл лагерьге олардың қалай келгені және өздерін қамап тастаған қарулы ер адамдармен байланысы анықталып жатыр. Қазір жапа шеккен балалар әлеуметтік қамқорлық көрсету орталығына жіберілді. Олармен бірге лагерьде болған екі әйел осы балалардың аналары болуы мүмкін. Полиция істің анық-қанығын анықтауға кірісті. Заңсыз лагерь туралы хабар тарағаннан кейін, жергілікті тұрғындар әбден үрейленіп қалған. Біреулер лагерь радикалдардың жаттығу орны десе, тағы бір жорамалдар бойынша ол қандай да бір сектаның мекені болуы мүмкін.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.