Тікұшақ апатына байланысты Ресейдің Краснояр өлкесінде бүгін қаралы күн жарияланды. Өткен сенбіде МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырап, 18 адам қайтыс болған еді. «Ютейр» әуекомпаниясына тиесілі тікұшақ көкке көтерілген соң, сол маңнан ұшып шыққан екінші бір тікұшақтың байлаулы тұрған жүгіне соғылып, жерге құлаған. Оның ішінде жұмысқа бара жатқан 15 мұнайшы мен 3 экипаж мүшесі болған. Апаттан тірі қалған адам жоқ. 2010 жылы шыққан жаңа тікұшақтың қалай құлағанын және ұшқыштың екінші әуе кемесін не себепті көрмей қалғанын анықтау үшін оқиға орнында тергеушілер жұмыс істеп жатыр.
Светлана Петренко, РФ Тергеу комитетінің ресми өкілі:
- Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ал, арнайы құрылған тергеушілер тобы апаттың себебін анықтап жатыр. Әзірге тікұшақтың техникалық жағдайы, ұшқыштың қателігі сынды апаттың бірнеше нұсқасы қарастырылып жатыр.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.