Мәскеудің орталығында зейнеткерлік реформасына қарсы шеру өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеудің орталығында зейнеткерлік реформасына қарсы шеру өтті

30.07.2018

Мәскеудің орталығында сан мың адам шеруге шықты. Халық зейнеткерлік реформасына  наразылық білдірді. Ресей үкіметі ерлердің зейнетке шығу жасын 60-тан 65-ке, әйелдер үшін 55-тен 63-ке дейін көтергісі келеді.

Соңғы сауалнама қорытындысына қарағанда, биліктің бұл ұсынысына халықтың 90 пайызға жуығы қарсы және де үш миллиондай адам оған наразылық білдіріп, интернет арқылы петицияға қол қойған.

Екі күнге созылған демонстрациядан кейін шеру ұйымдастырушылары - оппозиционер Алексей Навальный штабының басшысы Олег Степанов пен либертариандық партия лидері Сергей Бойко тұтқындалды.

Премьер-министр Дмитрий Медведевтің мәлімдеуінше, азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасы 2019 жылдан бастап көтеріледі. Сонымен қатар, бұл бастама орташа зейнетақыны 14400 рубльге дейін көтеруге мүмкіндік бермек. Бірақ, демонстранттардың сөзінше, ресейліктердің айтарлықтай бөлігі  65 жасқа дейін өмір сүрмеуі мүмкін.

Арсений Мошнинов, Мәскеу тұрғыны:

- Мен мұнда Ресей либертариандық партиясы атынан келдім. Зейнеткерлік жасының, салықтың және бензин бағасының өсуіне қарсымын. Меніңше, елімізде болып жатқан бұл жағдайлар дұрыс емес. Үкіметтің ісі де, Путиннің ісі де жөн деп айтай алмаймын.

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу