«Qazaqstan» тілшісі Индонезияда 2500 метр биіктікте орналасқан Бромо жанартауының шыңына шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» тілшісі Индонезияда 2500 метр биіктікте орналасқан Бромо жанартауының шыңына шықты

18.07.2018

Әлемдегі ең қауіпті деген 4 жанартаудың бірі Индонезияда орналасқан. Осы аралдық мемлекетте 300-дей вулкан бар. Олардың кейбірі бірнеше жыл бұрын атқылап, айналаны тас талқан еткен еді. Жақында ғана Бали аралындағы Агунг жанартауы оянып, халықты әбігерге салғаны да ел есінде. Осындай қауіп арасында үнемі үреймен өмір сүретін индонезиялықтармен біздің тілшіміз Фариза Мұсақызы кездесіп, 2500 метр биіктікте орналасқан Бромо жанартауының шыңына шықты.

Индонезия - құрамына 17 мың арал кіретін мемлекет. Халқы негізінен 6 үлкен аралға топтасқан. Республиканың әкімшілік құрылымы мен адамдар ең көп қоныстанған Ява аралы туризмнің орталығы саналады. Ел аумағында 300 шақты жанартау болса, оның 200-дейі белсенді. Соның бірі сөнбеген жанартау Бромоны көрмек ниетте жолға шықтық.

Таңғы сағат 2:00. 2000 метр биіктік. Біз бұл жерге жету үшін түнгі сағат 3-те жолға шыққан болатынбыз. Біз қазір Индонезиядағы Бромо жанартауының жанына келдік. Жанартаудың өзі 2500 метр биіктікте орналасқан. Ол соңғы рет 2008 жылы атқылаған екен. Мұндағы көрініс керемет.

Таңмен таласа тұрып, бірнеше шақырымға созылған тар да қауіпті тау жолын артқа тастап келген жергілікті халық пен туристердің санында есеп болмады. Өйткені, кітап беттерінен ғана суретін тамашалайтын сөнбеген жанартауды әркім-ақ көргісі келеді.

Бромо жанартауының шыңына шығып, сол жердегі көріністі көру үшін жарты жолда жылқыға мініп, әрі қарай 1,5 шақырым жол жүру қажет.

Жарты жолды жылқымен бағындырудағы мақсат - жанартаудың кратерін көру. Алайда, жол нашар. Күкірт исі мұрынды жарып барады. Демікпе ауруына шалдыққандарға бұл жерге тіптен баруға болмайды.

Жалпы, Бромо тауының жанында өмір сүру қауіп-қатерді қабылдай білу дегенмен тең. Ол 2010 жылы атқылағанда бірнеше мың үйді жермен жексен етті. Бірақ, жергілікті тұрғындардың осы аймақтан көшетін ойы жоқ. Өйткені, тау халқының өзіндік мәдениеті бар.

Мухаммад Мунади, гид:

- 16-ғасырдан бері мұнда тынгыр деген этникалық топ өмір сүреді. Халық таңғы алтыдан бастап тұрып, еңбек етеді. Картоп, сәбіз, қызанақ егіп, күн көреді. Жергілікті халық туристерге мотоцикл, джип сынды көлік қамын ұйымдаструымен айналысады. Тұрғындардың өздері осы тауға шығып, Құдайға шүкіршілік етеді.

Айналаны күл мен түтінге орайтын таулар сұсты көрінді. Алайда, бүгінгі заманның туристері басын қатерге тіксе де, осындай көріністі көру үшін биік шыңдарды бағындыруға құштар. Десе де, қиындық пен қатердің артында көздің жауын алар, таңдай қақтырар тұмса табиғат бар.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу