Түркиядағы президенттік сайлауда Ердоған жеңіске жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиядағы президенттік сайлауда Ердоған жеңіске жетті

25.06.2018

Түркия оппозициясының көшбасшысы Мұхаррем Инже президенттік сайлауда жеңілгенін мойындады. Ал, Режеп Тайип Ердоған жеңісін тойлап жатыр. Бюллетендерінің 99 пайызы саналып болды. Оның нәтижесіне қарағанда, Түркияның қазіргі басшысына электораттың 53 пайызы дауыс берген. Ал, Республикалық халық партиясының лидері Инжені қолдағандар – 31 пайыз.

64 жастағы Ердоған өз партиясының Анкарадағы штаб-пәтерінің балконынан сөз сөйлеп, жеңісінің 81 миллион халыққа ортақ екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Сирия жерлерін азат етіп, миллиондаған босқынды еліне қайтаратынын мәлімдеді.

Жексенбідегі сайлау нәтижесінде Түркия президенттік республикаға айналды. Демек, Ердоған атқарушы билікті түгел қолына алып, министрлер мен вице-президенттерді тікелей өзі тағайындайды, сот ісіне араласып, төтенше жағдай жариялай алады. Ал, премьер-министр лауазымы мен кеңсесі жойылды.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Жоғарғы сайлау органының төрағасы жаңа ғана Ердоғанды басымдықпен жеңіске жетті деп жариялады. Таңертең біз елге берген уәдемізді орындауға кірісеміз. Жаңа президенттік жүйеге көшуге әзірліктің айтарлықтай бөлігі осымен аяқталды.

Маусымның 24-де Түркияда парламенттік сайлау да өтті. Онда Ердоғанның «Әділет және даму» партиясы 42 пайыз дауыс жинап, 600 депутаттық орынның басым бөлігін, яғни, 293 мандат иеленген. Екінші орында – Мұхаррем Инже бастаған Республикалық халық партиясы. Оларға 143, ал күрдтердің HDP партиясына 67 орын бұйырды.

Түркияны Ататүрік салып берген зайырлы жолда сақтауға уәде еткен Инже маусымның 21-де Измирде теңіз жағалауына жүздеген мың адам жинап, оппозицияның қайта күш алғанын көрсеткен-ді. Бірақ, бүгін ол Ердоғанның жеңісін мойындай отырып, президентті бүкіл халыққа басшы болуға шақырды.

Мұхаррем Инже, оппозициялық Республикалық халық партиясының төрағасы:

- 15 миллион адам маған дауыс берді. Ендігі мақсатымыз - сол сайлаушыларымызды 30 миллионға жеткізу. Ердоған мырза, АК партиясының президенті ғана болмай, 85 миллион халықтың президенті болыңыз. Ешкім қамқорлығыңыздан тыс қалмасын.

Инженің сөзінше, үгіт-насихат үшін барлық партияларға бірдей мүмкіндік берілген жоқ. Сондықтан, сайлауды «әділетсіз» өтті деуге болады. Және де оппозиционер Ердоғанды елді авторитаризмге бастап барады деп айыптады. Ал, күрдтер қуанышты. Өйткені, олардың түрмеде отырған лидері Селахаттин Демирташтың ХДП партиясы парламентке енуге жеткілікті дауыс жинап отыр.

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу