70 жыл бойы бір-біріне қырғи-қабақ танытып келген екі мемлекет лидерлері алғаш рет кездесті. АҚШ президент Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Сингапурде өткен саммитте декларацияға қол қойған. Алайда, көпшілік соңына дейін бұл кездесудің өтуі екіталай деп сенімсіздік танытқан еді. Сол себепті, Әлем болып саммитті соңғы минуттарға дейін бақылап отырды.
АҚШ Корей түбегіндегі әскери жаттығуларын тоқтатпақ. Бұл маневрларды Пхеньян осы кезге дейін өзіне қарсы бағытталған деп мәлімдеп келген еді. Трамп осы арқылы Солтүстік Корея лидерінің ядролық арсеналынан тезірек бас тартатынына үмітті. Солтүстік Корея және АҚШ лидерлері осы және өзге де мәселелерді бүгін Сингапурде өткен саммитте талқылады. Бұл кездесу тарихи деп бағаланды. Себебі, АҚШ-тың биліктегі президенті мен Солтүстік Корея лидері алғаш рет кездесіп отыр. Саммит Трамп пен Кимнің көңілінен шықты.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Кездесу көпшіліктің күткенінен әлдеқайда жақсы өтті. Солтүстік Кореямен арадағы қатынасымыздың бұрынғыдан басқаша болатынына сенімім мол.
Ким Чен Ын, Солтүстік Корея лидері:
- Бүгінгі тарихи кездесуде біз өткенді артта қалдыруға келістік. Әлем ірі өзгеріске куә болады. Осы саммит үшін президент Трампқа алғыс айтамын.
Соңында Дональд Трамп пен Ким Чен Ын «жан-жақты» келісімге қол қойды. Құжат 4 негізгі пункттен тұрады. Декларацияда АҚШ пен Солтүстік Корея бейбітшілік пен өркендеуге қол жеткізуге, Корей түбегін ядролық қарудан толықтай тазартуға келісіп, өзге де міндеттемелер алды. Сонымен қатар, Пхеньян ядролық бағдарламасын тоқтатса, АҚШ Солтүстік Кореяның қауіпсіздігіне кепілдік беруге әзір. Дегенмен, құжатта Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тарттыру жолдары туралы детальдар немесе оны орындау уақыты туралы айтылмаған.
Бастапқыда бұл кездесудің ойдағыдай өтетініне күмән көп болды. Мамырдың соңында әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары екі лидер кездеспеуі мүмкін деп жазған-ды. Кейбір мәліметтерге сай, сол кезде Дональд Трамп Солтүстік Корея өкілдерінің АҚШ -қа қатысты дөрекі риторикаларын ұнатпай қалған. Алайда, кейін Ким Чен Ын АҚШ президентіне хат жазғаннан кейін кездесуді өткізу туралы келісілді. Ал, саммиттің өтуіне Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай жоғары баға берді.
Мун Чжэ Ин, Оңтүстік Корея президенті:
- Солтүстік Корея мен АҚШ арасындағы тарихи саммиттің сәтті өтуімен құттықтаймын. Президент Трамп пен Ким Чен Ын батыл шешімдерді қабылдады.
Саммиттен кейін өткен баспасөз мәслихатында Дональд Трамп Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тарту үрдісі тез арада басталатынын мәлімдеді. Бұл туралы АҚШ және Солтүстік Корея өкілдері жуырда келіссөздер өткізбек. Трамптың сөзінше, декларацияға қол қойылғаннан кейін Ким Чен Ын зымырандар үшін қолданылатын ірі двигательдерді сынау алаңын жабуға уәде берген. АҚШ президентінің сөзінше, Солтүстік Корея ядролық бағдарламасынан анық бас тартқанға дейін бұл елге қарсы экономикалық санкциялар сақталады.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.