Трамп пен Ким саммиті аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп пен Ким саммиті аяқталды

12.06.2018

Осыдан бірер сағат бұрын Сингапурда Трамп-Ким тарихи саммиті аяқталып, екі лидер бірлескен қорытынды құжатқа қол қойды. Оның толық мазмұны әзірге белгісіз. Бірақ, Трамптың сөзінше, Корей түбегін ядролық қарудан тазарту процесі өте тез басталады. Сонымен қатар, Трамп Солтүстік Корея лидерін Құрама Штаттарға шақырмақ. Ал, Ким әлемнің үлкен өзгеріске куә болатынын атап өтті. АҚШ пен Солтүстік Корея басшыларының алғашқы кездесуі қалай өтті?

Тарихта екі елдің басшылары алғаш рет кездесіп отыр. Саммиттің негізгі тақырыбы – Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тарттыру. Келіссөздер Сингапурдың курорттық аралы – Сентозаның бес жұлдызды «Капелла» қонақ үйінде өтті. Саммит алдында Ким Чен Ын мен Дональд Трамп қол алысып амандасты. Бұл да тарихи оқиға.

АҚШ президенті келіссөздердің сәтті өтетініне үміт білдірсе, Ким осы саммитке жету жолында кедергілердің аз болмағанын мәлімдеді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Мен өзімді тамаша сезініп тұрмын. Келіссөздер керемет өтіп, сәтті аяқталады деп ойлаймын. Қатынастарымыз да ғажап болады. Оған күмәнім жоқ.

Ким Чен Ын, Солтүстік Корея лидері:

- Мұнда жету оңай болмады. Ескі түсініктер мен тәжірибелер жолымызға бөгет болды. Бірақ, біз олардың бәрінен өтіп, бүгін осында келіп отырмыз.

Екі басшы жеке отырып, 40 минуттай сөйлесті. Содан кейін оларға Құрама Штаттар мен Корей Халықтық Демократиялық Республикасының жоғары лауазымды өкілдері қосылды. Олардың қатарында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен Солтүстік Корея Сыртқы істер министрі Ли Ён Хе бар. Одан соң Трамп пен Ким түскі асқа шақырылды.

Енді келіссөздердің негізгі тақырыбына оралсақ, Пхеньян адам құқықтарын бұзғаны үшін және атом қаруын жасауға әрекеттенгені үшін ондаған жылдар бойы халықаралық санкцияларға алынып отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Ким мырза, сізбен кездесу үлкен мақтаныш. Білемін, бірлесіп жұмыс істесек, сәттілікке жетеміз, үлкен проблеманы шеше аламыз. Сізге көп рахмет.

Ким Чен Ын, Солтүстік Корея лидері:

- Алда қиындықтар болады, бірақ, біз Трамп мырзамен бірге жұмыс істеуге әзірміз. Сондай-ақ, осы саммитке келтірілген барлық күмән-күдікті жеңеміз. Меніңше, бұл жүздесу бейбітішлік үшін жақсы.

Вашингтон Пхеньянның ядролық арсеналдан мүлде бас тартқанын қалайды. Егер бұл талап орындалса, АҚШ Солтүстік Кореяны оқшаулаудан босатып, оның экономикасына инвестиция салуға әзір. Ал, Ким жыл басында халқына үндеу жолдап, енді экономикалық дамуды алдыңғы қатарға қоятынын мәлімдеген еді.

 

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу