Футболдан Әлем чемпионатының кубогы Мәскеуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Футболдан Әлем чемпионатының кубогы Мәскеуде

04.06.2018

Футболдан Әлем чемпионатының басталуына тура 10 күн қалды. Қазір Ресей тарапы бұл жаһандық додаға қызу дайындалып жатыр. Көрші елдің 11 шаһар, спортшылар мен жанкүйлерлерді қабылдауға толықтай дайын. Мәскеу қаласына осы чемпионатта жеңіске жеткен құрамаға табысталатын ФИФА-ның Кубогы жеткізілді. 8 ай бойы әлемді шарлаған Алтын Кубокты Мәскеу жұртшылығымен бірге, Ресейдегі меншікті тілшіміз Нұртас Солтанұлы да қарсы алды.

Футболдан Әлем чемпионатына арналған кубоктың турнесі былтыр қыркүйек айында басталған. 123 күннің ішінде ол Ресейдің 24 қаласында, әлемнің 51 елінде, соның ішінде Қазақстанда да болды. Енді қайта айналып Мәскеуге келіп тұр.

Алексей Сорокин, Футболдан Әлем чемпионатына дайындалу және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы:

- Бұл кубок футбол тарихында бұрын-соңды болмаған ең ұзақ жолды жүріп өтті. Енді бірнеше күннен соң Әлем чемпионаты басталады. Біз жарысқа келетін спортшыларды да, жанкүйерлерді де құшақ жая қарсы аламыз. Енді чемпионатта жеңіске жеткен команданың осы кубокты алып, қуанып жатқан сәтіне де сіз бен біз куә боламыз.

Әлем чемпионатының кубогы таза алтыннан құйылған. Оның салмағы 6 келіден асады. Бұл бағалы дүние жеңіске жеткен командаға басыбайлы берілмейді, тек уақытша табысталады. Себебі, ФИФА-ның ережесі бойынша, бұл Кубок үнемі осы ұйымның меншігінде қалады.

Сергей Собянин, Мәскеу қаласының мэрі:

- Кубоктың біздің қалаға келгеніне қуанып тұрмыз. Жалпы, Мәскеу – үлкен спорттың астанасы. Біз кезінде Олимпиада ойындарын, түрлі спорт түрлерінен Әлем біріншіліктерін өткіздік. Енді қазір миллиондаған футболсүйер қауым чемпионаттың алғашқы ысқырығын тағатсыздана күтіп отыр. Мәскеуге келетін барлық қонақтарға ерекше футбол мерекесін дайындадық. Заманауи стадиондарымыз ғана емес, атақты театрларымыз бен мұражайларымыз да чемпионатқа келетін жұртты қабылдауға дайын. 

Әйгілі кубок енді 7-маусымға дейін Мәскеудегі Горький атындағы саябаққа, арнайы шатырға қойылады. Осы аралықта кез келген адам онымен естелік суретке түсе алады.

Сонымен, футболдан Әлем чемпионатының кубогы Мәскеу қаласына жетті. Бұл дегеніміз әлемдік доп додасының басталуына санаулы күндер қалды дегенді білдіреді. Қазір бұл сайысқа Ресейдің 11 қаласы толық дайын. Алғашқы ойын 14-маусым күні Мәскеуде Ресей мен Сауд Арабиясы құрамаларының арасында өтеді.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу