Шиңдао шаһары саммитке дайындық үстінде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шиңдао шаһары саммитке дайындық үстінде

16.05.2018

Енді бір айдан соң Қытайдың Шиңдао қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары бас қосады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады деп жоспарланып отыр. Шанхай сегіздігінің басшылары саммит алаңында аймақтық әрі ғаламдық қауіпсіздікке қатысты құжаттарды қабылдамақ. Әрі сегіздікке мүше болғысы келетін өзге мемлекеттердің өтінішін қарастырмақ.

 Ғабит Бөкенбай, тілші:

-Шанхай алтылығына Астана саммитінде Пәкістан мен Үндістан қосылды. Сол сәттен бастап былайғы жұрт Шанхай сегіздігін үлкен сегіздікке балап, «G 8» деп жүр. Жаһан жұртының жартысына жуығы ұйым шеңберінде тіршілік кешеді. Ал, әлемдік экономиканың 5/1 сегіздікке тиесілі. Енді тура бір айдан соң Шиңдаода шымылдығы түрілетін саммитте аймақтық қауіпсіздік мәселесінен бөлек, мұнайлы мемлекет Катарды қатарға қосу мәселесі қаралады.

Маусымның 9-10 күндері өтетін саммит барысында ұзын-саны 20-ға жуық құжат бекімек. Қытай СІМ Ван И мырзаның айтуынша, Шиңдао саммитінде үш маңызды мәселе қаралады. Ең алдымен, ұзақмерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылады. Екіншіден, Шанхай сегіздігінің алдағы 5 жылда түрлі саладағы бірлігін бекемдейтін құжат бекімек. Әлбетте, «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы басты назарда болмақ. Үшінші, әрі маңызды құжаттың бірі ұйымның халықаралық аренадағы ықпалын арттыра түсу. 

Қазір шаһар билігі саммитке қызу дайындық үстінде. Бір емес, сегіз мемлекеттің басшылары қатысатын жиынды өткізу оңай шаруа емес. Қала көшелері күнде жуылады. Ал, жасыл желекке жарымай тұрған көше бойына көшеттер отырғызылып жатыр. Бір сөзбен, Шиңдао билігінің бір минут бос уақыты жоқ.

Шиңдао - саяхатшылардың сүйікті мекені. Тауы да, суы да, нуы да бар. Жазы жайлы, қысы жұмсақ. Бір сөзбен Шанхай сегіздігінің саммиті өтетін орын ретінде бекерден-бекер таңдалған жоқ. Онымен қоса, әлемге тұрмыстық техника шығарумен танылған бірқатар компаниялардың отаны. Жалпы, қалада 500-ге жуық қонақ үй бар. Алайда, маусым айының басында біреуінен бос орын таппайсыз. Ең беделді тұрақтар бір жыл бұрын брондалған.

Бұл - Шиңдао порты. Осы жерден күн сайын әлемнің түкпір-түкпіріне жүк тиелген мыңдаған кеме жүреді. Порт иелерінің сөзіне сенсек, мұндай терминал жер бетінде жалғыз. Жұмыс 100 пайыз автоматтандырылған.

Янг Жиемин, «Шиңдао порты» ЖШС вице-президенті:  

-Біз қазіргі таңда қызметі толық автоматтандырылған бірінші портпыз. Шұғыл жеткізетін жүк болмаса, қалғанын біз тасымалдаймыз. Мәселен, Ұлы Жібек жолы арқылы қосымша құн салығы жоғары тауарлар қазір темір жол арқылы тасымалданады.

Сары теңіздің суы әзірге суық. Жергілікті тұрғындар Шиңдао саммиті өтетін уақытта күн де жылып, суға түсу маусымы да басталып қалар деп үміттеніп отыр.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

 

 

Хабарламаларға жазылу