Польшада мыңдаған адам үкіметке қарсы «Еркіндік маршын» өткізді. Наразылық акциясына шамаман 50 мыңдай адам қатысқан. Олар қолдарына Польша мен Еуроодақтың туларын ұстап, елде демократия нормаларының сақталуын талап етті. Демонстранттар осы арқылы 2015 жылы билікке келген «Құқық және әділдік» партиясының саясатына көңілі толмайтындарын білдірген. Себебі, бұл консервативтік партия Еуроодақ тарапынан конституциялық сот пен бұқаралық ақпарат құралдарына бақылау орнатқаны үшін сынға ұшырады. Және де сол партияның саясаты салдарынан елдің одақтан оқшаулана бастауы тұрғындардың ашуына тиіп отыр .
Осыған ұқсас акция Румыния астанасы мен оның ірі қалаларында да өтті. Бухарестте болған шеруге 5 мыңдай адам қатысқан. Румынияның, АҚШ-тың, Еуропа одағының туларын ұстаған демонстранттар елдің премьер-министрі мен бірнеше депутаттың қызметтен кетуін талап етті. Сонымен қатар, олар «Диктатураны емес, Еуропаны, жемқорлықты емес, әділ сотты қалаймыз!» деп ұрандатқан. Бұған қоса, шерушілер үкіметтің экономикалық саясатын, сот реформаларын сынға алып, елдің еуропалық, демократиялық стандарттардан алшақтап бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.