Малайзияда жаңа үкімет құрамы жасақталады. Бейсенбіде ант беріп, қызметіне кіріскен премьер-министр Махатхир Мохамад министрлер кабинетінің шағын болатынын әрі тек маңызды министрліктер сақталатынын мәлімдеді.
Малайзияда мамырдың 9-да өткен жалпыға ортақ сайлауда күтпеген жерден 92 жастағы экс-премьер бастаған оппозициялық «Үміт альянсы» коалициясы жеңіске жетті.
Мохамад әлемдегі ең кәрі премьер-министр атанып отыр. Ол 1981 жылдан 2003 жылдар аралығында Малайзия үкіметін басқарды.
Ал, елді 61 жыл қатарынан басқарған «Барисан Националь» немесе «Ұлттық Майдан» коалициясы жеңіліс тапты. Аталған бірлестікті кезінде Махатхир Мохамадтың өзі басқарған еді. Алайда, кейінгі кездері басқарушы коалицияға қатысты коррупциялық дау-дамайлар жиілеп, елде этникалық қарама-қайшылықтар күшейді.
Бұл Мохамадтың оппозицияға өтуіне түрткі болған. Малайзиялықтар жаңа биліктің жемқорлыққа қарсы күресті күшейіп, мемлекеттік өркендеуіне апаратын өзгерістер жасайтынына үмітті.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.