Париж полициясы бетіне маска таққан 200-дей демонстрантты тұтқындады. Олар 1 мамыр мерекесі күні дүкендердің терезесін қиратып, көліктерге от қойған.
Тұрғындар президент Эммануэль Макронның Еңбек реформасына наразылық білдіру үшін көшеге шыққан. Алайда, оларға «Қара бірлестіктер» деп аталатын әсіре-солшыл топ қосылып кетіп, тәртіпсіздік ұйымдастырды.
Бетін тұмшалаған 1200-дей анархисті тарату үшін полицейлер су шашып, көзді жасаурататын газ қаруын қолданды. Қақтығыс кезінде 4 адам жеңіл-желпі жараланған.
Бұл оқиғаны Австралияда сапарлап жүрген Макрон айыптап, мәлімдеме жасады. Оның экономикалық саясатына кеше Парижде 55 мыңдай адам қарсылық білдірген.
Филипп Мартинес, жұмысшылар кәсіподағының басшысы:
- Демонстрация алғашында бейбіт өтті. Онда ешкім бұзақылыққа бармаған еді. Бірақ, бүгін көрдіңіздер, шеру зорлық-зомбылыққа ұласып кетті. Осы мәселе бойынша Ішкі істер министрлігіне шағым түсірдік. Тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар жауапқа тартылуы керек.
Арыстан РЫСБЕК