Арменияда парламент Пашинянның кандидатурасын дауысқа салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арменияда парламент Пашинянның кандидатурасын дауысқа салды

01.05.2018

Ал, Армения халқы үшін қазір мерекеден гөрі елдегі саяси тұрақтылық маңыздырақ болып тұр. Бүгін ел парламенті жаңа премьер-министрдің кандидатурасына қатысты дауыс беріп жатыр. Ел үкіметін басқаруға тіркелген жалғыз ғана үміткер бар. Ол  - оппозиция көшбасшысы Никол Пашинян. Бұған дейін басқарушы Республикалық партия елдегі жағдайды шиеленістірмеу үшін премьерлікке өз кандидатын ұсынудан бас тартатынын мәлімдеді. Никол Пашинян бірнеше сағат бойы депутаттардың сыртқы және ішкі саясат, демография және банктік мөлшерлемелерге қатысты сұрақтарына жауап беріп жатыр. Премьер-министр болып сайлануы үшін ол депутаттардың 53 дауысын жинауы тиіс. Ал, парламенттегі 47 оппозиция мүшесі жалғыз кандидатты қолдайтындарын мәлімдеді. Сонымен бірге, оппозиция жетекшісі өз кандидатурасы мақұлданбаса, Арменияны цунами күтіп тұр деп ескертті. Ереван орталығындағы Республика алаңында ондаған мың адам жиналып, Пашинянға қолдау көрсетуде.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу