Солтүстік және Оңтүстік Корея басшылары 27 сәуірде тарихи саммит өткізеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік және Оңтүстік Корея басшылары 27 сәуірде тарихи саммит өткізеді

06.04.2018

Әлем көз тігіп отырған бұл кездесудің дайындық шаралары 4 сәуірде басталып кетті. Екі елдің арасында қазірде жылымық пайда болды. Алдын ала болжам бойынша екі мемлекет басшыларының кездесуінде ядросыз әлем құру мәселесі қаралуы мүмкін. «Бұл орайда Қазақстан тәжірибесінің маңызы зор»,- дейді Оңтүстік Кореяның өкілдері.

Индира Бегайдар, тілші:

- Біз қазір Корей түбегіндегі демилатарландырылған аймақта тұрмыз. Бізден 5-6 шақырым жерде Солтүстік Корея орналасқан. 27 сәуір күні қос елдің басшылары Пханмунджом елді мекенінде кездеседі деп күтілуде.

1948 жылы бірі социалистік, бірі капиталистік жүйесі бар екі мемлекет құрылып, корей халқы екі түрлі жүйемен өмір сүріп келді. 1950 жылы  өз жүйесін орнатуға тырысқан екі тарап, үш жыл соғысады. 1,3 млн. адам қайтыс болды. Екі жақ та жеңісе алмай, сол 38 параллельдегі шекарамен әлі күнге бөлініп тұр.

Екі ел көшбасшысы 2007 жылдан бері алғаш рет кездеспекші. Қаңтарда күтпеген жерден Солтүстік Корея басшысы Оңтүстік Кореямен байланыс орнатып, Сеулдегі Олимпиада ойындарына өз командасын жіберді. Кимның әпкесі Пхеньян делегациясына қосылып, ақпан айында Олимпиадаға Сеулге барды. Мұның өзін саясаткерлер жақсылыққа балады.

Со Че Онның төрт баласы бар, екі елдің шекарасындағы ауылда тұрады. Солтүстік Корея мемлекетінде туысқандары өмір сүреді. Со Че Он  кез келген елде бірлік болуы керек деп есептейді. «Сондықтан, қонақ келсе, әрдайым есігіміз ашық, біз бейбіт өмірді қалаймыз», - дейді.

Со Че Он, тұрғын:

Біз ауылда тұрамыз және көп жұмыс істейміз. Біз өте бақыттымыз, себебі, тыныштықта өмір сүріп жатырмыз. Қалаған жерімізге барамыз, қыдырамыз. Сондықтан да менің ойымша ешкімді шектеуге болмайды.

Солтүстік кореялықтар – чосон сарам, оңтүстіктегілер – хангук сарам деп атайды өздерін. Солтүстік 121 мың шаршы шақырым, Оңтүстік 99,7 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Оңтүстік Корея Еуразия мемлекеттерінің дамуына үлес қосуға дайын, оның ішінде әрине Солтүстік Корея бар. Тіпті, егер де Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тартса, «Кэсон»  индустриалды аймағы қайтадан жұмысын жандандырмақ.

Чо Бён Чже, Корея Республикасы мемлекеттік дипломатиялық академиясының ректоры:  

Солтүстік Корея экономикасының дамымау себебі, ядролық қарудан бас тартпауы. Біз өз қолдауымызды беруге дайынбыз. Егер келісімге келсе, президент Мунджеиннің бағыт-бағдары жүзеге асса, Азия мемлекеттерінің ішінде ең көп табыс табатыны да осы - Солтүстік Корея. Сонымен қатар, бұл ел АҚШ-пен де келіссөз жүргізбек ниетте. Оның қайда өтетіні белгісіз, Швейцария өз алаңын ұсынғаны белгілі. Егер Қазақстан алаң ұсынса, оны АҚШ та, Солтүстік Корея да қарастырады.

Ким Чен Ынның АҚШ Президентін келіссөз үстеліне шақырғаны белгілі. АҚШ-тың талабы ядролық қарудан бас тарту. Бұл кездесуден жаһан жұртшылығы зор үміт күтіп отыр. Солтүстік Кореяға ядролық сынақ өткізгені үшін БҰҰ қосымша санкция салған еді. Ядролық қарудан бас тартса, санкциялар алынып, елдің экономикасы жанданады. Тіпті, Оңтүстік Кореяның «Корея түбегінің болашақ дамуы» атты бағдарламасы бар. Ол бойынша екі мемлекетті біріктіретін тас жолы және темір жол дайындалып жатыр.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу