Түрік армиясы Сирияның солтүстігіндегі Африн қаласын басып алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түрік армиясы Сирияның солтүстігіндегі Африн қаласын басып алды

19.03.2018

Түрік әскері мен оның одақтастары Сирияның солтүстігіндегі Африн қаласын басып алды. Бұл анклав осыған дейін күрд содырларының қолында болды. Оны азат ету операциясын Анкара қаңтардың 20-да бастады. Сириядағы адам құқығы жөніндегі обсерваторияның мәліметінше, бұл соғыста күрд жасақтары мың жарымдай адам жоғалтты. Сонымен қатар, 250-дей бейбіт тұрғын қаза тауып, 200 мыңдайы үйлерін тастап кеткен. Түркия мен Сирия оппозициясы қанша адамынан айырылғаны нақты белгісіз. Әскери науқанды Анкара өз шекарасынан күрдтердің отрядтарын алшақтату үшін бастады.

Президент Реджеп Тайып Ердоған ол жасақтарды Түркияда тәуелсіздік үшін күрескен Күрдістан жұмысшы партиясының жалғасы деп есептейді. Африннен айырылған сириялық күрдтер болса, мәлімдеме жасап, Түркиямен бетпе-бет соғыспай, оған қарсы партизандық тактикаға көшетіндерін ескертті. «Біз Африннің барлық жерінде бармыз. Енді үнемі жауларымыздың түсіне қорқыныш болып енеміз», - дейді күрдтердің Африндегі өкілі Отман Шейх Исса.

Айта кету керек, күрдтер - Иран, Ирак, Түркия, Сирияда тұратын мемлекеті жоқ ең үлкен этникалық топ. Олардың  жалпы саны бұл аймақта 30 миллионға жетіп отыр.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу