Испанияда әйелдер алғаш рет жалпыұлттық шеруге шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Испанияда әйелдер алғаш рет жалпыұлттық шеруге шықты

08.03.2018

Халықаралық әйелдер күні Испанияда нәзік жандылар алғаш рет жалпыұлттық шеру өткізді. Олар күн батқанда қолдарына кастрюль ұстап, жалақыларының төмендігіне, отбасындағы зорлық-зомбылыққа, «мачо» мәдениетінің үстемдігіне наразылық білдірді.

Қыз-келіншектердің сөзінше, күнделікті жұмыстан бөлек, олардың мойнына баланы мектепке апару, ас әзірлеу тәрізді «көзге көрінбейтін» міндеттер жүктеліп отыр. «Мұның бәріне ертеден келе жатқан мачолық дәстүр себепші», - дейді шерушілердің бірі. Ал, Еурокомиссия жүргізген зерттеулерге жүгінсек, еңбек нарығында испандық әйелдерге жалақы ерлерге қарағанда 15 пайыз аз төленеді. Осындай акциялар ел астанасы Мадридте ғана емес, ондаған қалада өтіп, оларға журналистер, саясаткерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер және өзге мамандық иелері де қатысты.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу