Сирияның Шығыс Гута ауданындағы Хараста қаласында әуе соққыларынан 80-нен астам адам қаза тапты. Жараланғандардың саны 300-ден асып отыр. Мұны адам құқығы жөніндегі обсерватория өкілдері мәлімдеді. Оның өзге бір дерегінше, дәл осындай соққылардан Арбин деген қалашықта 19 адам жан тәсілім етті. Сол құрбандардың төртеуі – балалар.
Президент Башар Асад армиясы мен оның одақтастары Дамаск шетіндегі Гутаны оппозициядан қайтару үшін ақпанның 18-де авиациялық операцияны бастады. Кейін бұл соғысқа үкімет жаяу әскер жіберді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, қазір Шығыс Гутада 400 мыңдай адам қауіпсіз жерге кете алмай отыр. Ал, азық-түлік пен дәрі-дәрмек операция қарсаңында таусылуға жақындаған.
Арыстан РЫСБЕК