Қытай астанасы Бейжіңде Бүкілқытайлық халық өкілдері жиынының жыл сайынғы сессиясы жалғасып жатыр. Онда елдің өткен бесжылдықтағы жетістіктері мен алдағы 5 жылға арналған жоспары талқыланды. Бұл сессияда Қытайдың халықаралық экономикадағы үлесі мен әскери бюджетіне қатысты мәселелер де қозғалды.
Бұл жиын екі аптаға созылады. Онда елдің алдағы 5 жылға арналған даму жоспары құрылып, маңызды шешімдер қабылданады. Сонымен қатар, үкіметтің өткен бесжылдықта атқарған істері қорытындыланып жатыр. Ол туралы мәліметтерге жүгінсек, Қытайдың ЖІӨ-і 83 трлн. юаньға жеткен. Сонымен бірге, бұл көрсеткішті биыл 6,5 пайызға өсіру, 11 млн жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Ал, мемлекеттің халықаралық экономикадағы үлесі 15 пайызға артыпты.
Ли Кэцян, Қытай премьері:
- Қытай еркін экономиканың жаһандануын ілгерілетіп, еркін сауданы қорғауға басты назар аударады. Біз мүдделі тараптармен көпжақты сауда келіссөздерін жүргізуге дайынбыз. Қытай осы салаға қатысты барлық пікірталастардың ашық талқыланғанын қолдайды.
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық та молайып келеді. Өзара бірлескен жобалар да көп. Мәселен, Алматыда 300-дей екі жақты кәсіпорын және қытайлық капиталдың қатысуымен 1500-дей компания тіркелген екен.
Алма Тұрлыбаева, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы бөлімінің басшысы:
- Қытай инвесторларын қызықтырып отырған жобалар көп. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында олармен маңызды келісімдер жасалайын деп жатыр. Жобалардың жеміс беретініне сенім мол.
Дүйсенбіде жарияланған мәліметке қарағанда, Қытай биыл өзінің әскери бюджетін өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға арттырып, 1,11 триллион юаньға немесе 175 миллиард долларға дейін жеткізеді. Сонымен қатар, жиында «президент екі мерзім қатарынан билік ете алмайды» деген шектеуді жою туралы ұсыныс қаралып жатыр. Яғни, Си Цзиньпин мырзаға елді 2023 жылдан кейін басқаруға жол ашылуы мүмкін.
Ван Чэнь, Ұлттық халық конгресі тұрақты комитетінің вице-президенті және бас хатшысы:
- Конституцияға түзету енгізілуі - партия мен елдің саяси өміріндегі айтулы оқиға. Бұл өзгерістің негізінде Си Цзиньпин жолдас тұр. Және де бұл Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті қабылдаған үлкен шешім. Өздеріңіз білесіздер, еліміз жаңа дәуірдегі Қытайға тән социализмді қолдауға және дамытуға аяқ басып отыр.
Қытай Ұлттық Халық Конгресі - Компартия қабылдаған шешімдерді мақұлдайтын орган. Оның осы жолғы сессиясына 3 мыңдай делегат қатысып жатыр. Олар - провинциялардың, автономиялық аудардардың, орталықтан басқарылатын муниципалиттердің, Гонконг пен Макао тәрізді арнайы әкімшілік аймақтардың және қарулы күштердің өкілдері.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ