Вашингтон Мәскеуді 1987 жылғы орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімшартты бұзды деп айыптап отыр. Мемлекеттік департамент өкілі Хизер Науэрттің мәлімдеуінше, Ресей президенті Владимир Путин жолдауында айтылған жаңа қару-жарақтың кейбір түрлері аталған келісімге сәйкес келмейді.
Бұған қоса, Хизер Науэрт АҚШ үкіметі Ресейдің 10 жылдан астам уақыт бойы қарудың тұрақсыздандырғыш жүйесін жасап жатқанынан хабардар болғанын да айтты. Әзірге Кремльдің бұл айыптауға қатысты көзқарасы белгісіз.
Айта кетсек, Кремль басшысы Владимир Путиннің бейсенбідегі екі сағаттан астам уақытқа жалғасқан жолдауы қаруландырудың жаңа түрлеріне арналды. Президент қанатты ракетаға орнатылатын және оған шектеусіз қашықтыққа ұшуға, зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін айналып өтуге мүмкіндік беретін ядролық энергетикалық қондырғы жасап шығарылғанын мәлімдеген еді.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ