Мәскеу қаласындағы қалың қардың әлегі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеу қаласындағы қалың қардың әлегі

05.02.2018

Мәскеу қаласы қалың қардың астында қалды. Сенбіде басталып 2 күн бойы тоқтамай жауған ақ ұлпаның биіктігі 55 сантиметрге жетті. Мамандар мұндай құбылыс Ресей метеобақылау қызметінің тарихында бұрын-соңды болмаған деп отыр. Қазір Мәскеуде қар саябырсығанымен, коммуналдық мекемелер оны тазалап үлгермей жатыр.

Мәскеуде 2 күн бойы толассыз жауған қардың кесірінен 1 адам қайтыс болып, 4 азамат жарақаттанды. Себебі, қалың қарды көтере алмай 2 мыңдай ағаш құлап, электр сымдары үзілген. Ауа райын бақылаушылардың есебінше, қардың қалыңдығы жарты метрден асады. Яғни, бұл көрсеткіш, бір айда жауатын нормадан 125 пайызға артық. Мамандар «мұндай омбы қардың жаумағанына 60 жыл болды», - дейді.

Олег, Мәскеу қаласының тұрғыны:

- Жалпы, Ресейдің табиғаты бұрыннан қатал. Керісінше, осындай қалың қар, қатты аяз бізге жақсы.

Табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру үшін Ресей астанасында шұғыл штаб құрылды. Қала басшылығы арнайы ескерту жасап, халықты себепсіз далаға шықпауға, көлік мінбеуге шақырды. Ал, қаланы қардан тазалауға әскери бөлімнің сарбаздары да көмектесіп жатыр. Соның өзінде көлік қозғалысы қиындап, 200-ге тарта әуе рейстері уақытынан кешікті.

Елена, Мәскеу қаласының тұрғыны:

- Қазір тротуармен жүру, аулаға кіріп-шығу мүмкін емес.

Сергей, Мәскеу қаласының тұрғыны:

- Қарды ақырындап болсын әйтеуір тазалап жатыр. Енді, бір айлық нормада түскен қарды бірден тазалау мүмкін емес қой. Сондықтан, мен үшін бәрі ойдағыдай.

Бүгін мәскеулік оқушылар сабақтан босатылды. Дегенмен, мектептер жұмыс істеп тұр яғни, баласын оқуға жіберу-жібермеу - ата-ананың құзыры.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

 - 2 күн бойы тоқтамай төпелеп жауған қар қазір де аздап ұшқындап тұр. Ал, коммуналдық мекемелер оны тазалап үлгермей жатыр. Осының кесірінен қазір қалада көлікпен де, жаяу да жүріп-тұру қиын.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу