АҚШ президенті Дональд Трамп «Ең алдымен Америка» деген саясатымен бүгін Давосқа жетті. Бірақ, мұнда өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумның негізгі тақырыбы Трамптың осы ұстанымына мүлде қарама-қайшы. Онда оқшаулану емес, ғаламдануды құтқару мәселесі талқыланып жатыр. Ақ үй басшысы Давос форумына бизнесмен кезінде ешқашан шақырылмаған екен. Және оған 2000 жылдан бері Құрама Штаттардың бірде-бір президенті қатыспапты.
Мыңдаған делегат тағатсыздана күткен сөзін Трамп ертең сөйлейді. Мұның алдында Давоста АҚШ-тың Қаржы министрі Америка саудасы үшін әлсіз доллар жақсы деп мәлімдеген еді. Сонымен қатар, конференцияда геосаяси қауіп, климаттың жылынуы, протекционизм, кибер шабуылдар, соғыстарды тоқтату проблемалары да талқыға салынады.
Жалпы алғанда, Давос форумына әлемнің 70-тен астам мемлекетінің басшылары мен үкімет жетекшілері қатысып жатыр. Сонымен қатар, оған ірі бизнестің өкілдері, шоу-бизнес жұлдыздары, банкирлер де жиналды.
Арыстан РЫСБЕК