Пхеньян мен Сеул қаңтардың 9-да келіссөз жүргізеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пхеньян мен Сеул қаңтардың 9-да келіссөз жүргізеді

05.01.2018

Солтүстік және Оңтүстік Корея 2 жылдан соң алғаш рет ресми келіссөздерді бастамақ. Ол кездесу қаңтардың 9-на белгіленіп отыр. Мұны Корея Республикасының Бірігу істері жөніндегі министрлігінің өкілі Пак Та Хун бүгін мәлімдеді. Оның сөзінше, жиын көршілер арасындағы Пханмунджом ауылында өтеді. Онда солтүстіккореялық спортшыларды Пхенчханда өтетін Қысқы Олимпиадаға қатыстыру, корейаралық қатынастарды жақсарту мәселелері талқыланбақ. Әзірге тараптар бұл жөнінде диалог жүргізетін делегаттарының есімдерін бекіткен жоқ. Айта кетсек, екі ел соңғы рет келіссөздерді 2015 жылы желтоқсанда жүргізген еді.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу