Алкогольдік ішімдіктер діңгекті жасушаның ДНК-сын зақымдап, рак ауруы қаупін күшейтеді. Мұны британ ғалымдары тышқандарға лабораториялық зерттеу жасап дәлелдеген.
Бұл сынақ алкогольдің ағзада ацетальдегид өндіретінін көрсетті. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұндай химиялық затты нөмірі бірінші канцероген деп атаған.
Жалпы алғанда, зерттеушілер алкогольдің қатерлі ісіктің 7 түріне әкелуі мүмкін екенін анықтап отыр. Сонымен қатар, олар организмнің спирттік ішімдіктерден келетін залалдан қалай қорғанатыны туралы да айтып берді.
Мәселен, ағза арнайы фермент бөліп, кейін сол затты жасушалар энергия ретінде пайдаланады. Бұған қоса, клеткаларда ДНК-ны қайта қалпына келтіретін жүйе болатыны белгілі болып отыр.
Алайда, кейбір адамдардың, соның ішінде Оңтүстік Шығыс Азия елдері тұрғындарының жасушаны қайта жөндеу жүйесі дұрыс жұмыс істемейтіндіктен, олар алкогольдің зиянынан жеткілікті қорғана алмайды.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ