Өтіп бара жатқан жыл әлем үшін түрлі оқиғаларға толы болды. Олардың талайы дүниежүзілік аренада үлкен пікірталастар тудырып, сынға ұшырады, талқыланды. 2017 жыл жаһанда несімен есте қалды? Олардың қайсысы тарихқа енеді? Биыл төрткүл дүниені елең еткізген халықаралық жаңалықтарға Мақпал Сержанқызы шолу жасайды.
2017 жыл АҚШ-қа 45-ші президент болып Дональд Трамптың келуімен басталды. Күтпеген жерден жеңіске жеткен миллиардерге қарсы Американың 150 қаласында шеру өтті. Бұл аздай Трамп дүниежүзілік аренада бірқатар елдердің басшылармен жанжалдасып, олармен әсіресе, сауда, экология мәселелерінде келіспей келеді. Магнаттың сайлауда жеңіске жетуіне Ресей көмектесті деген болжам көп. Сол үшін Мәскеу мен Вашингтонның арасы тіпті суып, Хиллари Клинтоннан жақсылық күтпеген Кремльдің үміті ақталмады.
2017 жылы жер жүзін елең-алаң еткізген тағы бір ел - Солтүстік Корея. Қыркүйекте бұл мемлекет сутегі бомбасын жарды. Оның қуаты тротильдік эквивалент бойынша 120 килотонға немесе Хиросимаға тасталған бомбадан 8 есеге асып кетті. Бұл сынақтан әлемнің әртүрлі елдерінде жер сілкініп, олардың қуаты 5-6 баллға жетті. Трамп пен Ким Чен Ын бір-бірін тілдеп, планетаға атомдық соғыс қаупі төнді.
Мьянмада жасалған геноцид - 2017 жылдың ең жан түршігерлік оқиғаларының бірі. Бұл елде тамыз айында қауіпсіздік күштерінің бекеттеріне шабуыл жасалғаннан кейін жауынгерлер мен полицейлер және буддистер рохинджа мұсылмандарын қудалай бастады. Олардың талай ауылы өртеліп, мыңдаған өкілі өлтірілді. Ал, көрші Бангладешке қашқан рохинджалар саны бүгінде 700 мыңға жуықтап отыр. Осы зорлық-зомбылық үшін мұсылман мемлекеттері ғана емес, бүкіл әлем Мьянма үкіметі мен оның бейбітшілік үшін Нобель сыйлығын иеленген лидерін қатаң айыптады.
Американың Лас-Вегасындағы оқиға да дүниені дүр сілкіндірді. Қазанның 1-де 64 жастағы Стивен Пэддок музыкалық фестивальға отельдің жоғарғы қабатынан оқ жаудырып, 58 адамды мерт қылып, шамамен 546-сын жаралады. Алапат қантөгіс қоғамды қару ұстау мәселесін қызу талқылауға қайта итермеледі.
Жылдың тағы бір елеулі оқиғасы - Зимбабвені 37 жыл басқарған Роберто Мугабенің президенттік қызметтен кетуі. Әскери төңкеріс нәтижесінде биліктен тайдырылған Мугабенің тұсында бұл африкалық мемлекетте инфляция миллиондаған пайызға өсіп, жұмыссыздық деңгейі 80 пайыздан асты. Соның нәтижесінде 93 жастағы Мугабенің өз орнына 53 жастағы әйелін қою жоспары іске аспады. Қазір Зимбабвені бұрынғы вице-президент Эммерсон Мнангагва басқарып отыр.
Спорт әлемінде айтулы жаңалықтардың бірі - Ресей спортшыларының 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарынан аластатылуы. Мұны осы айда Лозаннада Халықаралық Олимпиада комитеті жариялады. Алайда, көрші елдің допингтен таза спортшылары Ақ ойындарға бейтарап болып, өз мемлекетінің емес, Олимпиада туын ұстап қатыса алады.
Ал, қазанның 1-де Каталонияда тәуелсіздік туралы референдум өтіп, электораттың 90 пайызы Испаниядан бөлінуге дауыс берді. Корольдік үлкен саяси дағдарысқа душар болды. Каталония парламенті мен үкіметі таратылды. Қайта сайлау өткізуге тура келді. Бірақ, онда да сепаратистер мен тәуелсіздік жақтастары жеңіске жетті. Провинцияның болашағы белгісіз.
2017 жылдың ең даулы мәлімдемелерінің бірі желтоқсанның 6-да жасалды. Сол күні Дональд Трамп Иерусалимді Израильдің астанасы деп жариялады. Бұл шешімге тек мұсылман елдері ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропа Одағы, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай және тағы басқа мемлекеттер қарсылық білдіріп отыр. Биылғы жыл да апаттардан кенде емес. Қарашаның 12-де Иран-Ирак шекарасында 7,6 балдық жер сілкінісінен 400-ден астам адам қаза тауып, 7 мыңға жуық тұрғын жараланды.
Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ