Ердоған Асадты «террорист» деп атады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ердоған Асадты «террорист» деп атады

28.12.2017

Түркия президенті Сирия басшысы Башар Асадты «террорист» деп айыптап, онымен бірге бұл мемлекетте  бейбітшілік орнату мүмкін еместігін мәлімдеді. Мұндай мәлімдемені Реджеп Тайып Ердоған Тунисте өткен телевизиялық баспасөз мәслихатында жасады.

Ұзақ уақыттан бері Түркия Асадтың биліктен кетуін талап етіп, оған қарсы көтерілісшілерді қолдады. Алайда, Түрік Республикасының жетекшісі кейінгі кездері Асадқа қарсы позициясын біршама жұмсартып, оның одақтастары  Ресеймен, Иранмен Сирияда саяси тұрақтылық орнату жолында жұмыс істеді. Дегенмен, Ердоғанның сөзінше, Асад өз халқын қырғынға ұшыратқаны үшін орнынан кетуі керек. 

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

 - Сирияға келсек, оған қатысты әрекеттерді Асадпен бірге жалғастыру мүмкін емес. Неліктен? Миллионға жуық  азаматын өлтірген Сирия президентімен болашаққа қалай қадам басамыз? Анығын айтайын. Асад мемлекеттік терроризмді жүзеге асырды. Сондықтан, ол жоғары қызметке лайық емес.

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу