Каталонияда өткен кезектен тыс сайлауда сепаратистік үш партия бірлесіп алға шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каталонияда өткен кезектен тыс сайлауда сепаратистік үш партия бірлесіп алға шықты

22.12.2017

Бірақ, корольдіктің тұтастығын қолдайтын «Азаматтар» партиясына да, электораттың айтарлықтай бөлігі дауыс берген. Яғни, үкіметті кімдердің жасақтайтыны бүгінше белгісіз.

Айта кетсек, бұл сайлау Каталонияның Испаниядан бөлінуіне жол бермеу үшін ұйымдастырылды. Дегенмен, ұлтшылдардың басым түскеніне қарағанда, ресми Мадридтің бұл үміті әзірге ақталмаған тәрізді.

Испанияның автономиялық ауданында өткен сайлауда сепаратистік бағыттағы саяси қозғалыстар жеңіске жетті. Қазір бюллетеньдердің 95,5 пайызы саналып біткен. Оның нәтижесі бойынша, Карлес Пучдемонның «Каталония үшін бірге» партиясы, «Каталонияның республикалық солшылдары» және «Халықтық одақ» партиялары алға шыққан. Олар жергілікті парламенттегі 135 орынның 70-ін, яғни, басым бөлігін иеленбек.

Сондықтан Каталонияның Бельгияда жүрген бұрынғы басшысы Пучдемон сепаратистердің жеңісін жариялады.    

Карлес Пучдемон, Каталонияның бұрынғы басшысы:

- Испания үкіметі жеңіліс тапты. Рахой мен оның жақтастарына каталан халқының шапалағы тиді. Олар өздері мемлекеттік төңкерісті заңдастыруды көздеген плебисцитте жеңіліске ұшырап отыр.

Әдетте ең көп дауыс жинаған партия үкіметті жасақтайды. Дегенмен, әзірге, қай жақтың нақты басым түскені белгісіз. Өйткені, Испанияның біртұтастығын қолдайтын «Азаматтар» партиясы да жеңіпаздардың қатарында. Оған сайлаушылардың 25 пайызы дауыс берген. Ал, премьер-министр Марино Рахойдың «Халық партиясы» мәреге соңғы болып келіп, тек 4 депутаттық орынға ие болды.

Инес Арримадас, «Азаматтар» партиясының лидері:

- Сайлау нәтижесі Каталония тұрғындарының көпшілігі тұтастықты қолдайтынын көрсетті. Ұлтшылдар күллі Каталония атынан ешқашан сөйлей алмайды. Себебі, бәріміз каталондықтармыз.

Еуропа одағы каталон мәселесін Испанияның ішкі ісі деп есептейді. Еурокомиссия Каталониядағы дауыс беру нәтижесі Еуроодақтың ұстанымына еш ықпал етпейтінін мәлімдеді.

Ал, каталондықтар сайлау аймақты саяси дағдарыстан шығарады деген үмітте.

Лаура, жергілікті тұрғын:

- Сайлау Каталонияны қайта қалпына келтіреді деп сенемін. Парламент бөліну мәселесіне емес, азаматтардың талап-тілектеріне назар аударса игі. 

Испаниядағы саяси ахуал қазанның 1-де Каталонияда Тәуелсіздік референдумы өткеннен кейін ушықты. Сол кезде дауыс берушілердің 90 пайызы Испаниядан бөлінуді қолдады. Мадрид пен халықаралық қауымдастық ол плебисциттің нәтижесін қабылдаған жоқ.

Испания үкіметі болса, сепаратизмді көтерген Каталонияның лидерлерін қамауға алып, жергілікті парламент пен үкіметті таратты. Бірақ, сол сепратистер кешегі сайлауда басым тағы да Тәуелсіздік мәселесін көтеруі мүмкін.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу