Женевада Сирия жөніндегі келіссөздердің 8-ші раунды мәмілесіз аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Женевада Сирия жөніндегі келіссөздердің 8-ші раунды мәмілесіз аяқталды

15.12.2017

Женевада Сирия жөніндегі келіссөздердің 8-ші раунды бейсенбінің түнінде еш келісімсіз мәресіне жетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының арағайындығымен өткен кездесу қарашаның 28-де басталған еді. Екі аптаға созылған жиында Сирия үкіметінің өкілдері мен оппозициясы бетпе-бет кездескен жоқ.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Сирия жөніндегі арнайы өкілі Стаффан де Мистура үкімет өкілдерімен 7, оппозициялық делегатпен 11 рет жүздескен. Бірақ, оның сөзінше, тараптар арасында келіссөздер мүлдем өткен жоқ деуге болады және де екі жақ дағдарысты аяқтауға берілген «алтын мүмкіндікті» қолдан шығарып алды.

Айта кетсек, Сирия оппозициясының негізгі талабы - президент Башар Асадты биліктен кетіру. Алайда, Ресейдің арқасында соғыста жеңіске жақындаған Асад бұл талапқа көнбей отыр.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу