АҚШ Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені 0,25 пайызға көтерді. Яғни, мұнда екінші деңгейдегі банктер үшін несие үстемесі енді 1,25 – 1,5 пайыз аралығында болады. Осылайша, Америка Орталық банкі өзінің ақша саясатын қатаңдататынын аңғартып отыр.
Құрама Штаттардың негізгі қаржылық реттеушісінің басшысы Джанет Йеллен мәлімдегендей, пайыздық ставканы өсіруге АҚШ пен әлем экономикасы жағдайының жақсаруы себепші.
Федералдық резервтің болжамына қарағанда, проценттік үстеме келесі және 2019 жылдары үш реттен жоғарылауы мүмкін.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, Америка Орталық банкінде пайыздың көтерілуі дүниежүзілік нарықта мұнай бағасына әсер етпейді. Өйткені, энергетикалық шикізат құны бүгінде ұсыныс пен сұранысқа сәйкес анықталып отыр.
Арыстан РЫСБЕК