Палестинадағы зайырлы және діни қозғалыстар АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалим жайындағы жоспарына қарсы жаппай ереуіл жариялады. Естеріңізге сала кетсек, Ақ үй басшысы сәрсенбі күні ежелгі қаланы Израильдің астанасы деп жариялады. Оның бұл шешіміне Араб елдері ғана емес, Рим папасы, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропа одағы, Ұлыбритания, Түркия, Ресей, Қытай, Малайзия, Индонезия және тағы басқа елдер наразылық білдірді.
Палестина білім министрлігі бүгін оқуды тоқтатып, барлық мұғалімдер мен студенттерді жалпыхалықтық шеруге үндеді. Қарсылық акциялары Батыс жағалауда, Газа секторында, Иерусалимнің палестиналықтар мекендейтін аудандарында өтіп жатыр.
Айта кетсек, Иерусалимді Израиль 1967 жылғы соғыста басып алды. Алайда, әлемдік қауымдастық тарихи шаһарға еврей мемлекетінің билігін мойындаған емес. Палестина болса, Иерусалимнің шығысын өзінің болашақ мемлекетінің астанасы етуден үмітті. Бірақ, Америка «тарихи және өмір шындығын» алға тартып, бұған қарсы шешім қабылдап отыр.
Исмаил Хания, «Хамас» қозғалысының лидері:
- Біз барша жұртты Американың арсыз агрессиясына қарсы тұруға шақырамыз. Қайталап айтамын – арсыз агрессиясына. Құрама Штаттар халқымызға басқыншылық жасап, оған тіпті соғыс жариялап отыр. Иерусалимде Ислам мен Христиан діні үшін де қасиетті орындар бар.
Арыстан РЫСБЕК