Түркияда Трампқа қарсы шерулерге жүздеген адам қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда Трампқа қарсы шерулерге жүздеген адам қатысты

07.12.2017

Бүгін Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған мәлімдеме жасап, АҚШ-ты қатаң айыптады. Оның сөзінше, президент Дональд Трамп Иерусалимді Израильдің астанасы деп жариялай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының 1980 жылғы қарарын бұзды. Сондай-ақ, оның сөзінше, бұл жағдай аймақты «отты шеңберге» айналдырады.

Ал, Анкара мен Стамбұлда Трамптың дау туғызған шешіміне қарсы жүздеген адам шеруге шықты. Демонстранттар Құрама Штаттар елшілігінің алдына жиналып, қарсылық білдірді. Екі қалада да акциялар бейбіт өтті деген хабарға қарамастан, Стамбұлда ашуға ерік бергендер Израильдің туы бар құжаттарды өртеп, консулдық ғимаратының қабырғасына «Азат Палестина» деген жазу қалдырған.

Айта кетсек, Трамптың Иерусалимге қатысты мәлімдемесіне Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропа одағы, Араб елдері, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Малайзия, Индонезия, Қытай және тағы басқа мемлекеттер наразылық білдіріп жатыр.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу