2018 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары Ресейсіз өтетін болды. Дегенмен, көрші елдің допингтен таза спортшылары оған қатысуға мүмкіндік алды. Тек олар өз елінің туын көтермеуі тиіс. Сондай-ақ, Пхенчханда Ресей әнұраны орындалмайды.
Ресей спортшылары 2018 жылғы Оңтүстік Кореяда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарынан аластатылды. Бұл туралы Лозаннада өткен Халықаралық олимпиада комитетінің жиналысында жария болды. Алайда, допингтен таза екенін дәлелдеген ресейлік спортшылар ғана бейтарап болып, өз мемлекетінің емес, Олимпиада туын ұстап, жарысқа қатыса алады. Яғни, олар «Ресейдің Олимпиадалық спортшысы» деген титулмен жарысқа түсуі тиіс.
Томас Бах, Халықаралық Олимпиада комитетің төрағасы:
- Өзім спортшы болғандықтан, ресейлік допингтен таза спортшыларға шын мәнінде жаным ашиды. Дегенмен, оларға жарысқа қатысуға мүмкіндік беріп отырмыз.
Бұл жағдай Ресейде үлкен дау туғызып отыр. Кейбір саясаткерлер Олимпиадаға байкот жариялауды талап етсе, басқалары допингтен таза спортшылардың ойындарға қатысуға мүмкіндік алғанына дән риза.
Көрші ел атлеттердің аластатылуына 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында ресейлік 20-дан астам спортшының допингпен ұсталғаны себеп болды. Оларды жарысқа қатыстырмау туралы шешімге Халықараралық олимпиада комитеті 17 ай бойы жүргізілген тергеу-тексеру жұмыстары нәтижесінде келді. Комитеттің пікірінше, ресейлік спортшылардың допинг қолдануына мемлекеттің де қатысы болған. Алайда, Мәскеу мұны жоққа шығарып, даудың саяси астары бар деп есептейді.
Александр Жуков, Ресей Олимпиада комитетінің басшысы:
- Шешім шығарылды. Оның жағымды және жағымсыз жақтары бар. Жағымдысы, біздің допингтен таза спортшыларымыз Олимпиада ойындарына қатыса алады және де олар Ресей спортшылары деп аталатын болады. Енді Ресей атлеттеріне қатысты барлық тексеру-тергеу жұмыстары осы сәттен тоқтатылады.
Енді бұл жанжал антидопинг жүйесін қатаң бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп, басқаларға сабақ болуы тиіс. Қысқы ойындар Кореяның Пхенчханында келер жылы ақпанның 9-да ашылады. Онда бір «спорттық державаның» орны ойсырап тұратындығына бүгіннен бастап күмән шамалы.
Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ