Индонезиядағы жанартаудан төнген қауіп сейілген жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Индонезиядағы жанартаудан төнген қауіп сейілген жоқ

28.11.2017

Индонезияның Бали аралында бірнеше күннен бері үрей басым. Өйткені, Агунг жанартауы әне-міне атқылауы мүмкін. Осы қауіпке байланысты жергілікті халықаралық әуежай жабылып, мыңдаған адам сапарға аттана алмады.

Өткен аптадан бері әлем назары Индонезияның туристерге әйгілі Бали аралында. Бүгін-ертең мұнда Агунг вулканы бар қуатымен атқылайды деген үрей басым. Түнде тау басынан от пен күл шашырай бастады.

Сондықтан, жанартау маңынан 40 мыңдай адам көшірілді. Ал, кеткісі келмегендер күшпен эвакуациялануы мүмкін. Жалпы, бұл вулканның айналасында жүз мыңдай адам тұрып жатыр. 

Гейд Суантика, Вулканология және геологиялық апаттар салдарын жұмсарту орталығының басшысы:

- Агунгтың белсенділігі жоғары. Одан шыққан түтін 3400 метр биіктікке көтеріліп жатыр. 24 сағат бойы жағдай бақылауымызда болады.

Осы қатерге байланысты Балидің халықаралық әуежайы екінші күн жабық. 445-тей ұшақ рейсі кейінге шегеріліп, 59 мыңдай адам сапарға аттана алмай, қауіптің сейілгенін күтіп терминалдарда сергелдең күй кешіп жүр.

Нитин Шет, үндістандық турист:

- Бали үкіметі шетелдік туристерге көмектесіп жатқан жоқ. Әуежайда мыңдаған адам жүр. Не істерімізді білмей қалдық.

Агунг жанартауы қыркүйекте оянды. Сол кезде тұрғындар көшіріліп, алайда, үйлеріне қазанда қайта оралған. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, жаппай эвакуациялардан арал экономикасына 100 млн. доллар шығын келген.

Бұл вулканның оянуына назардың ерекше болуы бекер емес. 1963 жылы Агунг екі рет атқылап, мың жарымдай адам қаза тапты.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу