Өзбекстанда шетел инвесторларына есік ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда шетел инвесторларына есік ашылды

28.11.2017

Өзбекстан шетел инвесторларына есігін айқара ашып отыр. Ташкентке соңғы кездері басқа мемлекеттерден делегациялар жиі баратын болды. Оларды негізінен мұнай-газ, мақта мен автомобиль, азық-түлік, машина жасау және химиялық заттар өндірісі қызықтырып отыр.

Республикада экономикалық реформалар президент Шавкат Мирзиёев билікке келгеннен кейін басталды. Оның негізгі мақсаттарының бірі – жаңа жұмыс орындарын ашу. Ал, 2019 жылдан бастап Өзбекстанда шетелге кету жөніндегі виза жүйесі жойылады. Яғни, өзге елге барып, табыс табамын дегендер бұрынғыдай ресми рұқсат алмайды. 

Сонымен қатар, биыл Әлемдік банк Өзбекстанды жағдайы жақсарған он елдің қатарына енгізді. Бұл тізім жасаларда бизнеске қолайлылық, құрылысқа рұқсат беру, кәсіпкерлікті бастаудағы жеңілдіктер, салық және электрмен қамтамасыз ету факторлары ескерілген. Осы жағынан республика Украина мен Қытайды басып озып, әлемнің 190 мемлекеті ішіндегі 74-ші орын иеленді. Дегенмен, Өзбекстанда мемлекеттік кәсіпорындарды қайта құрылымдау мен сыбайлас жемқорлық – әлі де өзекті болып отырған пробемалар.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу