Владимир Путин Сирия мәселесі бойынша бейбіт конгресс өткізу жоспарын жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Владимир Путин Сирия мәселесі бойынша бейбіт конгресс өткізу жоспарын жариялады

23.11.2017

Ресей президенті Владимир Путин Сирия мәселесі бойынша бейбіт конгресс өткізу жоспарын жариялады. Оның түпкі мақсаты – алты жылға созылған соғысты қарудың күшімен емес, дипломатиялық жолмен аяқтау. Бұл туралы мәлімдемені ол Сочиде өткен Иран-Түркия-Ресей саммитінің соңында мәлімдеді. Алайда, Сириядағы жауласушы тараптар өкілдерінің басын қосатын бұл жиынның қай күні өтетіні әзірге белгісіз. Болжамдарға қарағанда, ол дәл осы Сочиде ұйымдастырылады.

Естеріңізге сала кетсек, Мәскеу, Тегеран, Анкара Астанада Сирия үкіметі мен оппозициясын бірнеше рет кездестірді. Соның нәтижесінде Араб Республикасының 4 ауданында билік пен оппозиция арасында ымыра жасалып, атыс айтарлықтай азайды.

Мұхаммад Омари, саяси сарапшы:

- Сочидегі келіссөздер Астана келіссөздерінің жетістіктерін бекіте түсуі керек. Қазақстанда өткен кездесу проблеманың әскери қырына мән берсе, Сочи саммиті Сирия мәселесін сол әскери жетістіктердің нәтижесіне жүгіне отырып, саяси тұрғыдан шешуді көздейді.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу