Лиссабонда өтіп жатқан веб-саммиттің Португалияға пайдасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лиссабонда өтіп жатқан веб-саммиттің Португалияға пайдасы

09.11.2017

Лиссабонда өтіп жатқан веб-саммит Португалияның экономикалық проблемаларын шешуге көмектеседі. Халықаралық шара аяқталмай жатып, сарапшылар саммиттен мемлекет қазынасына түсетін кірісті есептеуге кірісіп кеткен. Жалпы, Португалия 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан әлі күнге шыға алмай әлек. Үкімет инновацияны дамыту арқылы экономиканы қайта қалпына келтіруді көздеп отыр.

Португалияның мемлекеттік қарызы бүгінде 330 млрд доллар. Бұл ІЖӨ 130 пайызы. 10 млн халқы бар елде қазір 600 мың адам жұмыссыз. Қарызға белшеден батып, әлемдік қауымдастық алдында абыройдан жұрдай болған елге инвестор тартып, жағдайды реттеу үшін үкімет осы веб-саммитті Лиссабонда өткізуге шешім қабылдапты. Бекер емес.

Педро Брага, тәуелсіз сарапшы:

 - Веб-саммиті Ирландиядан Португалияға ауыстырудың өзі үлкен жетістік. Біріншіден, дағдарыс жылдары шетел асып кеткен мықты IT мамандарымызды елге қайтарып, португалиялық стартап иелеріне идеяларын, өнімдерін дамытуға мүмкіндік берілді. Екіншіден, қаржылық қиындықтардан тұралап қалған бірқатар салалар қайта жанданды. Үшіншіден, елімізге инвесторлардың қызығушылығы артты.

Инвесторлардан бөлек, веб-саммитке БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш, Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, Эстония, Люксембург премьер-министрлері, жаһанның үздік IT компанияларының басшылары да қатысты. Осынша мәртебелі меймандардың келуі елдің қонақүй бизнесі, тұралаған туризм саласының тамырына  қан жүгіртті. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Лиссабондағы 2,5 млн халықтың қатарына соңғы төрт күнде тағы 60 мыңдай қонақ қосылды. Қазір қала көшелерінде туристерден аяқ алып жүру қиын. Кейбір тұрғындар «шетелдіктер әбден шаршатты», деп шағымданса, кейбірі, керісінше, «осы меймандардың арқасында қалтамызды біраз қомпайттық»-деп разы. 

Мейманханаларға сыймаған қонақтарға тұрғындар пәтерлерін жалға беріп отыр. Таксистердің де жұмысы қызып тұр.

Пауло Мендес, такси жүргізушісі:

 - Неше күннен бері ұйқысыз, демалыссыз жұмыс істеп жүрміз. Ақша түскені олжа бізге. Осындай ауқымды шаралар жиі өтіп, туристер көп келе берсе екен. Әйтпесе, жергілікті тұрғындар таксидің қызметіне сирек жүгінеді. Тарифті де қонақтар кеткенше әдейі көтердік.

Метрода бұрын-соңды болмаған кезек. Мейрамханаларда бос орын жоқ. Дүкендердің де саудасы қызған. Былтырғы веб-саммиттен 200 млн. еуро пайда тапқан ел үкіметі биылғы кіріс бұдан да мол болады деген үмітте. Қызмет көрсету саласының өкілдері де 2018-дің күзінде тағы да Лиссабонда өтетін веб-саммитті енді асыға күтеді. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу