Сауд Арабиясында ханзадалар, министрлер, бизнесмендер тұтқындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауд Арабиясында ханзадалар, министрлер, бизнесмендер тұтқындалды

06.11.2017

Сауд Арабиясында кейбір тұлғалардың  шетелге кетуіне шектеу қойылып отыр. Мұны бүгін «Reuters» агенттігі хабарлады. Осыған дейін Саудияда 11 ханзада мен 4 министр және ондаған экс-министр тұтқындалды. Олар коррупция үшін ұсталған. Алайда, кейбір болжамдарға қарағанда, король Салманның сүйікті ұлы бұл адамдарды өзінің әлеуметтік-экономикалық реформаларына қарсы келеді деген күдікпен қамауға алды.

Ондаған жылдар бойы Сауд Арабиясында діни элита құдіретті күш еді. Қоғамға жөн сілтеген сақалды полицейлер, шейхтер. Олар мұндай шексіз билікке мұнайдан түскен қыруар табыспен Ислам заңдарын қатаңдату арқылы жетті. Соңғы кездері бәрі өзгеріп жатыр. Ханзада Мұхаммед қоғамды Исламның ашық түріне көшіруге кірісті. Соның бір дәлелі – әйелдерге көлік жүргізуге, стадионға баруға рұқсат беріліп отыр. Ал, ондаған әсіре діншіл басшы түрмеге тоғытылып, діни полиция жойылды. Сарапшылардың пікірінше, егер осы бетінен қайтпаса, Саудия мемлекеті тарихи өзгеріске ұшырап, шетелге ваххабизмді экспорттау шектеледі.

Файсал бин Әли, Әр-Рияд тұрғыны:

- Алла қаласа, ертең бәрі өзгереді. Бұл – реформаның басы ғана. Қателіктер түзеледі, министрлер ауысады, қоғамдағы әділетсіздікпен күрес күшейеді.

2014 жылы әлемде мұнай бағасы құлдырап кеткені белгілі. Сол кезде «қара алтын» аталған шикізат 100 долларлық құнына әлі қайтқан жоқ. Демек, Саудияның бюджеті ортайып келеді. Қоғаммен бірге экономиканы да әртараптандыру, реформалау қажет. Осындай шақта 11 ханзада мен 4 министр тұтқындалды. Ресми мәліметке қарағанда, олар ақша бопсалады, пара алды, қызметін жеке басына пайдаланды. Бірақ, кейбір болжамдарға қарағанда, 32 жастағы ханзада ең ықпалды деген адамдарды өз реформасы мен билігіне қарсы тұрады деген қауіппен қамады. Сонымен қатар, бүгін ханзадалар мен бизнесмендердің шетелге кетуіне шектеу қойылғаны белгілі болды. Ал, өткен тәулікте 9 адам тікұшақ апатынан қаза тапты. Құрбандардың ішінде 1 ханзада мен жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар.

Мансұр әл-Әмір, саяси сарапшы, журналист:

- Күмәнім жоқ, бұл тұтқындау операциясы қоғамның ашуын басады. Өйткені, оларға сот жоқ деп келді ғой жұрт. Енді «заң алдындағы жауаптан ешкім қашып құтыла алмайды» деген ескерту жасалып отыр.

Ханзада Мұхаммед Йеменде әуе операциясын жүргізіп жатқан Араб әскери коалициясына да қолбасшы. Бүгін сол коалиция Йеменге баратын әуедегі, құрлықтағы, теңіздегі жолдарды уақытша жабатынын жариялады. Өйткені, өткен аптаның соңында Йеменнен Сауд Арабиясына зымыран жіберілді. Саудия ол ракеталық шабуыл үшін Иранды кінәлап отыр.

Айта кету керек, Саудия екі жылдан бері соғыс жүріп жатқан Йеменде сүнниттерді қолдап отыр, ал, Иран шиит-хуситтер жағында.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу