Ресейдің АҚШ-тағы президенттік сайлауға араласуына қатысты тағы бір күдікті анықталды. Президент Дональд Трамптың бұрынғы кеңесшісі Джордж Пападопулос өзінің Федералдық Тергеу бюросына жалған куә бергенін мойындаған.
Ол Трамптың сайлауалды штабы мүшелерінің шетелдіктермен, соның ішінде Ресей азаматтарымен әңгімелесуі, Хиллари Клинтонға компромат жинауға қатысты дұрыс мәлімет бермеген болып шықты.
Тергеу деректеріне сай, Пападопулос Вашингтон мен Мәскеуді байланыстырушы болып жүрген. Оның кінәсі прокурор Роберт Мюллер бірнеше ай жүргізген тергеу нәтижесінде дәлелденді.
Бұдан бөлек, Мюллер Трамптың сайлауалды штабының бұрынғы жетекшісі Пол Манафорт пен оның көмекшісі Ричард Гейтске АҚШ-қа қарсы астыртын сөз байласу, ақша жымқыру, салық төлемеу тәрізді 12 пункт бойынша айып тақты.
Бірақ, екеуі де мұны жоққа шығарып отыр. Ал, кінәлары дәлелденсе, Манафорт 80, ал, Гейтс 70 жылға сотталуы мүмкін.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ