Біріккен Ұлттар Ұйымы Сирия үкіметін химиялық қару қолданды деп айыптады және де бұл мәселе Вашингтон мен Мәскеуді тағы дауластырды. Ал, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Президент Башар Асад биліктен кетсін деген мәселені қайта көтерді. Сонымен қатар, оның мәлімдеуінше, Араб Республикасындағы соғысты тек Женева келіссөздері ғана тоқтата алады.
Президент Башар Асад үкіметі биыл Хан-Шейхун қаласына химиялық шабуыл жасап, ондаған адамды қырғынға ұшыратты. Мұндай мәлімдемені Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы жасады.
Олардың баяндамасында «Сирия Араб Республикасы 2017 жылы сәуірдің 4-де Хан-Шейхунға сарин газын жібергені үшін жауапты» деп жазылған. Дәлірек айтсақ, бұндай қорытындыға аталған екі ұйым құрған Бірлескен тергеу механизмі келді.
Алайда, сол Механизм Асадты айыптауға бір күн қалғанда, оның қызметін қарашаның ортасынан кейін де жалғастыру мәселесі Қауіпсіздік кеңесінде Ресей мен АҚШ-ты үлкен дауға ұрындырды.
Мичель Сисон, БҰҰ-дағы АҚШ елшісінің орынбасары:
- Бізді алдауға немесе тоқтатуға болмайды. Бірлескен тергеу механизміне жасалып жатқан шабуылдарға қарсы тұруға шақырамын. Өйткені, олар шындыққа жетуге емес, сол шындықты жасыруға бағытталып отыр.
Жалпы алғанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінде 12 мемлекет химиялық қаруды қолдану мәселесін тергейтін бұл механизмнің мандатын созуға дауыс берді. Ал, осы ұйымдағы Ресей өкілі оған қарсы вето жариялады. Өйткені, оның Асад үкіметін кінәлаған баяндаманы талқылайық деген ұсынысы қабылданбаған.
Естеріңізге сала кетсек, сәуірде Хан-Шейхунға сарин газы жіберілді деген хабардан кейін АҚШ Сирия армиясының әуе базасына зымырандық соққы берді. Ал, Трамп билікке келгенде, Вашингтон Асад биліктен кетсін деген позициясынан бас тартқандай еді.
Бірақ, Құрама Штаттардың Сирия президентіне қатысты ұстанымы қайта өзгеріп отыр. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Сирияда Асад пен оның отбасының болашағы жоқ екенін ескертті.
Рекс Тиллерсон, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:
- Біз Сириядағы соғысты тоқтатудың жалғыз жолы – Женева бейбіт келіссөздері деп білеміз. Ал, Асад режимі мен отбасының болашағы бар дегенге сене алмаймыз.
Бірақ, Ресей әуе күштері мен Иран қарулы жасақтарының арқасында Сирия армиясы елді қазір қарулы топтардан толық азат етуге жақын. Яғни, Асад әскерінің бұл соғыста жеңіске жеткеніне күмән қалмай барады. Ал, батыстық бір дипломат айтқандай, Асадты кетіру мәселесі ешкімге емес, Ресейге ғана тәуелді.
Арыстан РЫСБЕК