Күрдтер үкіметті диалогқа үндеп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күрдтер үкіметті диалогқа үндеп отыр

26.10.2017

Бүгін Ирак армиясы «ДАИШ»-тың қолында қалған соңғы екі қаланы азат ету операциясына кірісті. Бұл әскери науқан республиканың батысында, яғни, Сирия шекарасы маңында басталды. Ал,  «Рейтердің» хабарлауынша, Ирак армиясы қазір күрдтердің «пешмерга» жасақтарының Ниневия провинциясындағы нысандарына да соққы беріп жатыр. Күрдістан автономиясы тәуелсіздікке ұмтылысын доғарса да, орталық үкімет райынан қайтар емес.

Күрдтер Ирак үкіметін өздеріне қарсы әскери операцияны тоқтатуды және диалог бастауды сұрады. Сонымен қатар, олар қазанның 25-де өткен тәуелсіздік референдумының нәтижесін тоқтата тұратындарын мәлімдеп отыр.  Күрдістан үкіметінің сөзінше, екі жақты соғыста жеңіпаз болмайды. Дегенмен, соңғы ақпаратқа қарағанда, Бағдад райынан қайтар емес. Премьер-министр Хайдер әл-Абади күрдтер тәуелсіздіктен толық бас тартқанда ғана, диалогқа келіседі.

Хайдер әл-Абади, Ирак Премьер-министрі:

 - Ирактың қандай да бір бөлігімен күресуді қаламаймыз. Еліміз тұрғындарының барлығы - бірінші санаттағы азаматтар. Киркукқа кіру арқылы күрд халқының біз үшін қымбат екенін көрсеткіміз келді.

Осы әскери және саяси дағдарыс Ирак Күрдістанына кері әсер етіп отыр. Автономиялық ауданның ай сайынғы кірісі 800 млн доллардан 300 млн долларға қысқарған. Өйткені, қазанның ортасынан бері Күрдістанға мұнайдан түсетін кіріс Бағдаттың қарамағына көшкен. Сонымен қатар, Орталық үкімет автономия әуежайлары мен шекараларын да бақылап отыр. Халықаралық қауымдастық болса, Ирактың тұтастығына жақтас. Күрдтердің бөлінуіне  қолдау көрсеткен тек бір ел – ол Израиль. Ал, АҚШ Ирактың бөлшектенуіне қарсы.  

Рекс Тиллерсон, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

 - Күрдістан аймақтық үкіметі мен Ирактың орталық үкіметі арасындағы келіспеушіліктер көңілге қаяу түсірді. Екі тарап ел тұтастығын қолдағанда ғана барлық мәселе шешіліп, құқықтар құрметтеледі деп ойлаймын.

Саяси сарапшылардың пікірінше, қазір мұнда саяси сауда жүріп жатыр. Дегенмен, күрдтер Киркукты соғыссыз бергеннен кейін сол саудада Ирактың позициясы күштірек болып тұр.

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу