Бейжіңде компартияның 19-шы съезі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейжіңде компартияның 19-шы съезі ашылды

18.10.2017

Бейжіңде Қытай коммунистік партиясының 19-шы съезі өз жұмысын бастады. Онда делегаттар елдің келесі бесжылдықтағы бағытын айқындайтын мемлекеттік, экономикалық және партиялық құрылыстың маңызды мәселелерін қарастырады. Сонымен қатар, бірқатар кадрлық мәселелер шешіледі.

Дәстүр бойынша конгресс басталар шақта Бейжіңдегі әйгілі Тяньаньмэнь алаңында ұлттық ту көтерілді. Жаңбыр жауып тұр. Айнала толған полиция. Компартияның 19-шы съезін ел басшысы Си Цзиньпин сөз сөйлеп ашты. Халықтық ұлы сарайға Қытай қоғамының әртүрлі саласынан 2 мыңнан астам делегат жиналды. 10 жылда екі мәрте өтетін съезд қазанның 24-де аяқталады. Оның ашылу салтанатында мемлекет лидері болашаққа біржақты қарамауға шақырды.

Си Цзиньпин, Қытай Президенті:

 - Біздің еліміз өзінің даму жолында стратегиялық мүмкіндіктің маңызды тұсында тұр. Болашағымыз аса жарқын. Бірақ,  алда тұрған міндеттер де аса салмақты. Партиядағы барлық жолдастар алысқа да, биікке де көз жібере отырып, бейбіт заманда қауіпті естен шығармауы керек және де олар өзгеріс пен жаңашылдыққа ұмтылып, бір орында тұралап қалмағаны абзал.

Сонымен қатар, Си Цзиньпин алдағы бес жылда «Қытайға тән социализмнің» 14 негізгі принципке сай дамитынын атап өтті. Оларға тоқталсақ, іс-әрекеттің барлық бағытында партия жетекші рөл ойнауы тиіс, бар күш-жігер халық игілігіне жұмсалады, жалпыға бірдей реформалар процесі нығаяды, халық елдің қожайыны деген позиция күшейеді, ел тұрмысы жақсарады. Сонымен қатар, құқықтық мемлекет құруға, табиғатты қорғауға, ұлттық қауіпсіздікке де ерекше мән берілмек.

Тағы бір сөзінде Қытай басшысы «өзге саяси жүйелерді қайталамайтын және әлемге ашық заманауи социалистік мемлекет» құруға уәде берді.

Си Цзиньпин, Қытай Президенті:

 - Қажырлы еңбектің арқасында Қытайға тән социализм жаңа дәуірге аяқ басты. Бұл – біздің даму жолымыздағы жаңа тарихи бағыт. Түпкі мақсатымызға адал болғанда ғана оған жете аламыз. Қытай коммунистерінің миссиясы – Қытай халқын бақытты ету, Қытай мемлекетін жасарту.

Қытай компартиясы - адам саны жағынан әлемдегі ең үлкен партия. Оның бүгінде 89 миллионнан астам мүшесі бар. Алдағы бір аптада өзекті мәселелер талқыланып қана қоймай, Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің жаңа құрамы сайланады. Содан кейін, келесі бесжылдықта 1 миллиард 400 миллион адамды басқаратын Политбюро Тұрақты Комитетінінің жеті мүшесінің бесеуінің орнына жаңа адамдар келеді.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу