Түркияның әскери конвойы Сирия аумағына енді. Құрамында 30 машина мен танкілері бар керуен «әл-Каидамен» байланыстағы қарулы топтардың қарамағындағы Идлиб провинциясына бет алған. Олармен бірге, көрші елге 100 шақты жауынгер мен арнайы қызмет мамандары да кірді. Сарбаздар саны алдағы уақытта артуы мүмкін.
Қазанның 7-де Түркия Иранмен, Ресеймен Астанада жасалған келісім бойынша, Идлиб пен оның айналасындағы аудандарда әскери операция жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Оның мақсаты – Сирияның солтүстік-батысында үкімет армиясы мен содырлар арасындағы қақтығысты азайту. Дегенмен, «Ассошиэйтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, түрік әскері күрдтер шоғырланған Арфин қаласы мен оппозиция бақылауындағы Идлибтің ортасына орналасады.
Арыстан РЫСБЕК