ЮНЕСКО-ның құрамынан екі мемлекет шығатынын мәлімдеді. Олар – АҚШ пен Израиль. ЮНЕСКО-ның басынан кейінгі кездері дау кетпей қойды. Бұл жанжал 2011 жылы басталды. Сол кезде осы ұйым өз құрамына Палестинаны автономиялық мәртебесіне қарамастан мемлекет ретінде қабылдады. Мұндай жағдайда Израилдің үнсіз отыруы мүмкін емес. Ал, дүйсенбіден бері ЮНЕСКО өзінің жаңа басшысын сайлауға үш рет әрекет жасады. Бұл мәселе де жанжалдан ада емес. Өткен тәулікте Мысыр бастаған Араб елдері Катарды дауыстарды сатып алып, бас директорлыққа өз адамын қоймақ деп айыптады. Алайда, ресми Доха мұны мойындаған жоқ. Вашингтон болса, ЮНЕСКО-ны анти-израилдік орган деп кінәлап, одан шығатынын хабарлап отыр.
Крис Хегадорн, АҚШ-тың ЮНЕСКО-дағы өкілі:
- Екі мәселе бізді осындай шешім қабылдауға мәжбүрледі. Соның бірі – ұйымға Палестинаның мемлекет ретінде қабылдануы. Екіншіден, бұл орган саясиланып, анти-израилдік мекемеге айналды. Өкініштісі сол, осы жайларды ескере отырып, біз ЮНЕСКО-дан кету туралы ұйғарымға келдік.
Іле-шала Израиль де дәл осындай шешім қабылдады. Биыл ЮНЕСКО еврей мемлекеті басып алған территорияларда орналасқан Хеврон қаласы мен Патриархтар үңгірін әлемдік мұралар тізіміне енгізе отырып, оларға қауіп төніп тұрғанын ескерткен-ді және де ЮНЕСКО Хевронды «ислам тарихымен» байланыстырып, көне шаһардың еврей мәдениетіне қатысы туралы ештеңе айтқан жоқ. Бұл да Израиль мен АҚШ-қа ұнамады.
Құрама Штаттардың ЮНЕСКО-дан кетуі өкінішті жағдай. Мұны Қазақстан Сенатының төрағасы Қасым- Жомарт Тоқаев өзінің Твиттердегі парақшасында жазды. Осыған ұқсас мәлімдемені ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Бокова да жасады.
Ирина Бокова, ЮНЕСКО-ның бас директоры:
- Иә, үлкен өкініш білдіргім келеді. 2011 жылы АҚШ-тың дауыс беру құқығынан айырылып, жарна төлеуді тоқтатқаны есімде. Сол кезде айтқан едім Құрама Штаттар ЮНЕСКО-ға, ЮНЕСКО Құрама Штаттарға керек деп.
Шындығында АҚШ бұл ұйымға қажет: ЮНЕСКО бюджетінің 22 пайызы Американың үлесінде. Енді тарихқа көз жіберсек, Біріккен Ұлттар Ұйымы құрамындағы ЮНЕСКО-ның Жарғысы 1945 жылы қабылданды. Оған бүгінде әлемнің 195 мемлекеті мүше.
Дүниежүзінің мәдени және табиғи мұраларын қорғауға арналған бұл агенттік бес бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Олар - білім, жаратылыстану ғылымдары, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, мәдениет және ақпарат пен байланыс.
Арыстан РЫСБЕК