Бельгияда мемлекеттік қызметкерлер наразылық білдіріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда мемлекеттік қызметкерлер наразылық білдіріп жатыр

10.10.2017

Үкіметтің қатаң үнемдеу шараларына қарсылық ретінде олар бүгін жұмысқа шықпай қойды. Салдарынан, қоғамдық көлік, бірқатар қалааралық, халықаралық бағытта қатынайтын пойыздар тоқтады. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Нұрсұлу Қасым баяндайды.

Әдетте, тіршілігі қайнап жататын Бельгия астанасы бүгін тым-тырыс. Көшеде бірде-бір автобус жоқ. Метроның да көбі жабық. Жолаушылар тасымалдайтын компания өкілдері өздеріне бүгін демалыс жариялаған. «Үкіметтің қатаң үнемдеу шаралары жүйкені әбден жұқартты», - дейді.

Терри Ней, жолаушылар тасымалдау компаниясының өкілі:

- Бізге жұмыс істеуге қажетті қолайлы жағдай жасалғанын қалаймыз. Салықты азайтып, әлеуметтік қолдауды күшейтсе. Көліктердің жүруіне ыңғайлы инфрақұрылымды дамыту керек. Әзірге ол сын көтермейді.

Брюссельдегі 4 теміржол вокзалдарында да жағдай мәз емес. Оңтүстік вокзалда у-шу. Жылаған бала-шаға, наразылық білдірген жолаушылар. Қалааралық, халықаралық пойыздар бүгін тоқтаған. Машинист, кондукторлардың жұмысқа шықпай қалуының кесірінен қарапайым халық жолдарынан қалды.

Мария Сальварес, жолаушы:

- Мен Испаниядан Брюссель арқылы Амстердамға баруым керек еді. Билетті екі ай бұрын алып қойғанмын. Енді «бүгін пойыз жоқ», дейді. Билік пен мемлекеттік қызметтің проблемасынан неге жолаушылар зардап шегуі керек, түсінбеймін.

Көлік қызметкерлерін қолдап, бүгін бірқатар тәртіп сақшысы, дәрігерлер де жұмысқа шықпады. Ауруханаларда қазір тек жедел-жәрдем бөлімі ғана жұмыс істеп тұр. Пошташылар хат тасудан, мұғалімдер сабақ беруден бас тартты. Тұрмыстық қалдықтар да шығарылмай, көшелерде тау-тау боп үйіліп жатыр. Ереуілшілер үкіметтен мемлекеттік қызметкерлерді қысқартуды азайтып, керісінше, жалақыны көбейтуді талап етіп отыр.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу