Чехияда «Uber» жолаушылар тасымалдау қызметіне қарсы акция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Чехияда «Uber» жолаушылар тасымалдау қызметіне қарсы акция өтті

03.10.2017

Чехия астанасы Прагада «Уберге» қарсы шыққан жергілікті таксистер жолдарды жауып, наразылық акциясын ұйымдастырды. Адамдар жолаушы тасымалдайтын қызмет түріне қатысты ережелерді өзгертуді талап етіп отыр. Таксистер жергілікті әуежайдан қала орталығына дейінгі тас жолда көлік қозғалысын тежеп, кептеліс жасады. Автомобильдер тізбегі сағатына 15 шақырым жылдамдықпен қозғалып отырды. Олардың басты талабы – «Убер» қызметінің жүргізушілері мен жергілікті такси қызметіне тең шарт орнату. Мәселен, демонстранттардың пайымдауынша, «Убер» қызметінің көлік жүргізушілері есептеуіш жабдық орнатпайды және оларға сақтандыру құжаты керек емес. Ал, қарапайым жергілікті таксистерде міндертті түрде олар болу керек.

Айта кетейік, таяуда Лондонда «Убер» қызметіне тыйым салынған. Болжамдарға қарағанда, мұндай шерулер Германия мен Францияда да болуы мүмкін.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу