«Ирма» дауылынан 900 мың адам жарықсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ирма» дауылынан 900 мың адам жарықсыз қалды

07.09.2017

«Ирма» дауылы алғаш рет АҚШ территориясына жетіп, Пуэрто-Рикоға жойқын соққы берді. Соңғы мәліметке қарағанда, мұнда нөсер жауын мен алапат желден электр сымдары үзіліп, 900 мыңдай адам жарықсыз қалды. Сонымен қатар, 50 мыңға жуық тұрғын ауызсуға зәру.

Кеше «Ирмадан» Кариб бассейніндегі Франция мен Нидерланды иелігіндегі аралдар айтарлықтай зардап шегіп, 7 адам қаза тапты. Мәселен, Антигуа мен Барбудада үйлердің басым бөлігі қирап, халықтың 60 пайызы баспанасыз қалған. Ал, АҚШ үкіметінің болжамынша, бұл дауылдың зияны Америкада 37 миллион адамға тиеді.

«Ирма» - соңғы онжылдықта Атлантикада көтерілген ең сұрапыл дауыл. Оның эпицентріндегі желдің жылдамдығы сағатына 300 шақырым. Бұл дауылдың қуаты бесінші санатқа жетіп отыр. Айта кетсек, тамыздың соңында төртінші санаттағы «Харви» Техас жағалауына соққы беріп, Хьюстонды алапат тасқын жайлағаны белгілі.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу