Катар билігі көршілес араб мемлекеттерімен дипломатиялық жанжалда өзінің ұстанымынан бас тартпайды және мемлекеттің саясатын өзгертпейді. Елдің Сыртқы істер министрі Мұхаммед Әбдел Рахман әл-Тани осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, шиеленісті әскери емес, дипломатиялық жолмен шешу қажет. Әл-Тани Иран Катарға үш портын елге азық-түлік, су тасымалдау үшін қолдануды ұсынды деп мәлімдеді. Әзірге, Доха бұл ұсынысты қабылдамай отыр. Ал, бүгін-ертең елдің Сыртқы істер министрі Мәскеуге барып, әріптесі Сергей Лавровпен кездеспек.
Айта кету керек, осы аптада Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері тәрізді 9 мемлекет Катарды террористік ұйымдарға қолдау көрсетті деп айыптап, онымен дипломатиялық байланыстарды үзді. Бұл елдер Дохамен әуе, теңіз қатынастарын да тоқтатты.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ