Федералдық тергеу бюросының бұрынғы басшысы Джеймс Коми АҚШ президенті Дональд Трампты ведомствоға қатысты өтірік айтып, жала жапты деп мәлімдеді. Ол Ақ үй басшысының «Бюро өз жұмысын дұрыс атқара алмай жүр» деген сөзімен келіспейді. Джеймс Коми кеше АҚШ сенатының барлау комитеті алдында жауап берді.
Федералдық тергеу бюросының экс-директоры Ресейдің Құрама Штаттардағы 2016 жылғы президенттік сайлауға араласқанына күмәні жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, Мәскеу осы стратегияны болашақта жалғастыруы мүмкін. Бұған қоса, Коми жұмыстан Трамп командасының Кремльмен байланыстарын тергеуге қатысты қуылғанына сенімді. Ол сенатқа Трамппен болған әңгімелерінің жазбасы бар екенін жеткізді. Ал, президенттің жеке қорғаушысы Марк Касовицтің мәлімдеуінше, Трамп ешқашан Федералдық тергеу бюросының бұрынғы басшысынан адалдықты талап етпеген және бұрынғы кеңесшісі Флинге қатысты тергеуді тоқтатуды сұрамаған.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ